Астана. 7 қыркүйек. 7kun.kz - 21 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 2,6 пайызға әлсіреді, бұл банктердің, компаниялардың және халықтың тарапынан шетел валютасына деген сұраныстың ұсыныстан асып кетуі салдарынан орын алды. Теңгенің еркін өзгермелі бағамы және Ұлттық Банктің валюталық сауда-саттыққа қатысуын барынша азайту жағдайларында мұндай жағдай бағамның автоматты түрде әлсіреуіне әкеледі, деп хабарлайды Ұлттық банк баспасөз қызметі.
Ұлттық валютаның орта мерзімді перспективадағы бағамын айқындайтын тұрақты іргелі факторлардың аясында (сауда әріптес елдердегі мұнай бағасы және валюта бағамдары) жекелеген сарапшылардың мәлімдемелерімен ушыққан девальвациялық күтулер теріс әсерін тигізді.
Ұлттық Банк шетел валютасының жеткілікті ұсынысы болмаған жағдайда оны сататын болды. Тамызда Ұлттық Банктің нетто-өктемдіктерінің көлемі 70 млн АҚШ долларын құрады. Қыркүйектің бірінші аптасында Ұлттық Банк сондай-ақ шетел валютасын сату жөнінде өктемдік жүргізді. Ай қорытындысы бойынша деректер қазанның басында жарияланады.
5-6 қыркүйекте ахуал тұрақтанды. Ұлттық Банктің пікірінше, егер мұнай бағасы бір баррель үшін 50 АҚШ долларынан төмендемесе, ал Ресей рублінің бағамы бір АҚШ доллары үшін 59-60 рубльден аспаса, теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы ағымдағы деңгейде сақталады. Сонымен бірге, айырбастау бағамының ағымдағы деңгейі рубльге қатысты жеткілікті бағаланбай отыр, бұл оны түзету үшін алғышарт жасайды.