Алматы. 10 шілде. 7kun.kz – Ұлттық Банк пен Өзбекстан Республикасының Орталық банкі Банктік қадағалау саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Өзбекстан Республикасының Орталық банкі арасында Банктік қадағалау саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойылды, бұл екі ел арасындағы ынтымақтастық тарихында алғаш рет Қазақстан банктерінің Өзбекстан Республикасының банктік нарығына шығуының құқықтық негізін қалап, өз кезегінде, екіжақты банктік ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік туғызады.
Келісімге сәйкес Қазақстан мен Өзбекстан ұлттық заңнамаларына сәйкес екі мемлекеттің банк секторын қозғайтын елеулі жаңалықтар мен өзгерістер бойынша, сондай-ақ ұлттық заңнамада рұқсат етілген шамада нормативтік-құқықтық реттеу, бақылау мен қадағалау мәселелері жөнінде ақпарат алмасу нысанындағы ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады.
Атап айтқанда, Қазақстан банктеріне бас банкке арналған теңгемен баламада кемінде 100 млн еуро мөлшерінде және трансшекаралық мекеме үшін 100 млрд сом мөлшерінде жарғылық капиталының болуы, сондай-ақ халықаралық шәкіл бойынша шетел валютасымен Standard & Poor’s рейтингтік агенттігінің «В»-дан немесе Fitch Ratings, Мооdy’s берген осындай деңгейдегі рейтингтен төмен емес ұзақ мерзімдік кредиттік рейтингтің болуы жататын қажетті талаптарға сәйкес келген жағдайда Өзбекстан Республикасының аумағында трансшекаралық мекеме құруға немесе иеленуге мүмкіндік беріледі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Өзбекстан Республикасының Орталық банкі қол жеткізілген келісімді оң бағалап, құжаттың Орталық Азияның екі жетекші экономикасының тату көршілік ынтымақтастығын нығайтуға әсер ететін болады деп үміт білдірді.