Алматы. 8 тамыз. 7kun.kz - ҚР Ұлттық банкі Ұлттық қор қаржысының биылғы алғашқы жартыжылдықтағы инвестициялық табысын жариялады. Бұл туралы ұлттық банктің баспасөз қызметіхабарлады.
Инвестициялық операцияларды жүзеге асыру ережелеріне сәйкес ҚР Ұлттық қорының базалық валютасы - АҚШ доллары.
«Басқару нәтижесі бойынша 2017 жылдың алғашқы тоқсанында 1,3 млрд инвестициялық табыс түскен. Бастапқы деректер бойынша, жартыжылдықта инвестициялық табыс көлемі 2,4 млрд долларға жетті», - делінген хабарламада.
Мамандар жарияланымдағы 784 млрд теңге көлеміндегі инвестициялық шығындардың қайдан пайда болғанын түсіндірді. «Ұлттық валюта бағамының АҚШ долларына шаққандағы бағамы өткен жылдың соңынан бастап (333,29) биылғы наурызға дейін (314,79) нығаюы жалпы табысты (шығынды) есептеген кезде бағам айырмасын тудырды. Осы уақыт аралығында теңге валютасындағы активтердің құны өзгерген болатын», - деді мамандар.
2016 жылдың соңында бекітілген ҚР Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасына сәйкес Ұлттық қордың бекітілген көрсеткіштерін, Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану туралы есептерді, сондай-ақ соңғы 5 және 10 жылдағы және басқару басталғаннан бергі кірістілік бойынша нәтижелер мен оларды инвестициялық басқару туралы есептерді Қаржы министрлігі жариялауға міндетті.