Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ұлттық банк: Айырбастау пункттерінің жұмыс уақытын шектеу қауіпсіздікпен байланысты

Ұлттық банк: Айырбастау пункттерінің жұмыс уақытын шектеу қауіпсіздікпен байланысты

Алматы. 09 тамыз. 7kun.kz — Қазақстанда айырбастау пункттерінің жұмыс кестесін жоспарланған шектеу айырбастау нүктелерінің өздерімен қатар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты, деп хабарлады Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Ғалиева.

"Айырбастау пункттерінің жұмыс кестесіне келер болсақ, бұл жалпы әлемдік тәжірибе. Италия, БАӘ, Тайланд, Польша сияқты елдерде және басқа да айырбастау пункттерінің жұмыс режимі тек күндізгі уақытпен (19.00 - 20.00 дейін) шектелген. Бұл, ең алдымен, айырбастау пункттерінің өздері үшін де, халық үшін де түнгі уақыттағы жұмыс қауіпсіздігі мәселелерімен байланысты", - деді Ғалиева.

Оның айтуынша, "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Заңға сәйкес, айырбастау пункттерімен бірге барлық қаржы ұйымдары жеке сәйкестендіру нөмірін қоса алғанда, ақшамен немесе өзге мүлікпен операциялар бойынша алушыны сәйкестендіру үшін қажетті мәліметтерді тіркеуге міндетті. Сондықтан клиенттердің тізілімдер журналын жүргізу туралы норма жаңалық емес.

 «Клиенттерді сәйкестендіру тәсілдерін қатаңдату - бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) міндеті, ол 2010 жылдан бастап салықтық қылмыстармен, ақшаны жылыстатумен және басқа да заңсыз қаржы операцияларымен күреске бағытталған қатаңдатуды жүргізеді. Сонымен қатар, соңғы уақытта ЭЫДҰ сыбайлас жемқорлық мақсатында қаржылық қызметтерді пайдалануға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелеріне назар аударды", - деп атап өтті Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Капиталдандырудың ең төменгі деңгейіне қойылатын талаптардың артуын түсіндіре отырып, Ғалиева норма қолма-қол шетел валютасының тапшылығын тудырмауға және халықтың сұранысын толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

"Айырбастау пункттері халыққа валюта айырбастауға кедергі жасамай, үздіксіз жұмыс істеуі тиіс. Капиталдандыру шарасы айырбастау пунктінің банктегі шотындағы міндетті резервтік ақшамен бірге қолма-қол шетел валютасының жетіспеу қаупін едәуір азайтады, ол тәжірибе көрсетіп отырғандай, қолма-қол нарықтағы дүрлігуді және бағамдардың негізсіз өсуін тудырады", - деді ол.

Оның айтуынша, шотта жарғылық капиталдың кемінде 20% болуы айырбастау пункттеріне шетел валютасын сатып алу үшін осы қаражатты пайдалануға мүмкіндік береді, бірақ төмендетілмейтін қалдықты үш жұмыс күні ішінде толтыру шартымен.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық Банк "Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру ережесін бекіту туралы" қаулыға түзетулер жобасын жария талқылауға шығарды.

Атап айтқанда, реттеуші айырбастау пунктінің жұмыс режимін сағат 10-нан 19-ға дейін белгілеуді, айырбастау пункттерін кемінде 100 млн теңге сомаға жарғылық капиталды қамтамасыз етуді міндеттеуді, сондай-ақ өзінің банктік шоттарында жарғылық капитал сомасының 20% мөлшерінде теңгемен немесе шетел валютасымен ақшаның болуын қамтамасыз етуді ұсынады. Бұдан басқа, әрбір жүргізілген айырбастау операциясы бойынша тізілімдер журналында клиенттің жеке басын куәландыратын құжаттың деректерін (тегі, аты және әкесінің аты, құжаттың түрі, берілген күні, құжаттың нөмірі, қолданылу мерзімі), клиенттің жеке сәйкестендіру нөмірін (бар болса) және клиенттің заңды мекен-жайын тіркеу ұсынылады

Похожие материалы