Ұлттық Банк 2022 жылы 24 ақпанда базалық мөлшерлемені +/- 1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 13,5%-ға дейін 3,25 п.т. көтеру туралы шешім қабылдап, 9 наурызда мөлшерлемені сол деңгейде сақтап қалды. Бұл туралы ҰБ баспасөз қызметі хабарлады.
«Ақша нарығында ақша-кредит саясаты операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) TONIA индикаторы 2022 жылғы ақпанда пайыздық дәліз ішінде қалыптасты. 2022 жылғы ақпанда TONIA орташа алынған жылдық мәні 11,4% болды (2022 жылғы қаңтарда – 10,3%)», – делінген ҰБ хабарламасында.
Ақша-кредит саясатының құралдары. 2022 жылғы ақпанның соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 2,3 трлн теңге болды.
Кері репо операциялары арқылы өтімділікті ұсыну операциясының көлемі 708,0 млрд теңге, валюталық своп – 87,4 млрд теңге болды.
Депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі 879,4 млрд теңге, Ұлттық Банктегі банктік депозиттер – 341,9 млрд теңге болды.
2022 жылғы ақпанның соңында айналыстағы қысқа мерзімді ноттар көлемі бір айда 5,5%-ға ұлғайып, 1 836,3 млрд теңгені құрады.
«2022 жылғы ақпанда жалпы сомасы 1 143,9 млрд теңгеге 6 аукцион, оның ішінде 910,0 млрд теңгеге 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 4 аукцион (орташа алынған кірістілік – 10,44%), 133,9 млрд теңгеге 3 айлық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 10,39%), 100,0 млрд теңгеге жартыжылдық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 10,53%) өткізілді», – делінген ҰБ хабарламасында.
Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2022 жылғы ақпанда 1 080,01 млрд теңге болды.