Алматы. 10 қаңтар. 7kun.kz – 2019 жылғы 10 қаңтардағы жағдай бойынша 174,8 млрд теңгеге 28 490 қарыз қайта қаржыландырылды. Бұл туралы Ұлттық Банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Басшылықтың хабарлауынша, Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы екі бөліктен тұрады.
"Бағдарламаның бірінші бөлігі 2004 жылдан бастап 2009 жыл аралығындағы кезеңде қарыз алған ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсетуге бағытталған" , - деді ҰБ.
Бұл қарыздарды қайтаруға ҚР Ұлттық Банкі 30 млрд теңге бөлді.
Қазіргі таңда Бағдарлама шеңберінде банктер 159,7 млрд теңгеге 25 807 қарызды мақұлдап, 23 950 қарызды 139,7 млрд теңгеге қайта қаржыландырды. Барлығы 237,6 млрд теңге сомаға 31 781 өтінім қабылданды.
Ал бағдарламаның екінші бөлігі 2015 жылдың 18 тамызындағы теңгенің бағамы бойынша 2016 жылдың 1 қаңтарға дейін алынған қарыздарды қайта қаржыландыруды көздейді.
"2019 жылғы 10 қаңтарда банктер валюталық қарыздарды қайта қаржыландыру үшін 48,5 млрд теңге сомаға 5 908 өтінімді мақұлдап, 35,1 млрд теңге сомаға 4 540 қарызды қайта қаржыландырды. Барлығы 101,7 млрд теңге сомаға 8 078 өтінім қабылданды", - делінген хабарламада.