Алматы. 13 мамыр. 7kun.kz – Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 7 439 валюталық қарызды қайта қаржыландыру мақұлданды, – деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.
Бағдарлама екі бөліктен тұрады. Бағдарламаның бірінші бөлігі 2004 жылдан бастап 2009 жыл аралығындағы кезеңде қарыз алған ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсетуге бағытталған.
«Аталған қарыздарды қайта қаржыландыруға Қазақстан Ұлттық Банкі 130 млрд теңге бөлді. 2019 жылғы 10 мамырдағы жағдай бойынша Бағдарлама шеңберінде банктер 164,5 млрд теңге сомаға 26 585 қарызды мақұлдап, 146,3 млрд теңге сомаға 24 960 қарызды қайта қаржыландырды», - деп хабарлады Ұлттық банкте.
Бағдарламаның екінші бөлігінде Қазақстан Ұлттық Банкінің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін алынған жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздарын теңгемен қайта қаржыландыру көзделіп отыр.
«2019 жылғы 10 мамырдағы банктер валюталық қарыздарды қайта қаржыландыру үшін 61,9 млрд теңге сомаға 7 439 өтінімді мақұлдап, 48,5 млрд теңге сомаға 5 998 қарызды қайта қаржыландырды», – деп қосты Ұлттық банкте.
Ұлттық Банк Басқармасының 2018 жылғы 25 желтоқсандағы № 310 қаулысымен Банктер валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2019 жылғы 15 шілдеге дейін ғана ұзартылды, қарыз алушының/қоса қарыз алушының қарызды қайта қаржыландыруға өтініш беру мерзімі 2019 жылғы 1 шілдені қоса алғанға дейін белгіленді. Қарыздың Бағдарлама талаптарына сәйкестігін анықтау үшін қарыз алушыларға кредитор банкке өтініш беру қажет.