Алматы. 5 ақпан. 7kun.kz – Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде Қазақстан Ұлттық Банкі қаржы секторын қалыпқа келтіру саясатын, қадағалау бойынша үздік халықаралық практиканы, оның ішінде тәуекелге бағдарланған негізде енгізуді жалғастырады. Бұл туралы бүгін Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев ҚР Үкіметінің отырысында баяндама жасаған кезде айтып берді.
Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы бұл бағыттағы маңызды шаралардың бірі кепілді кредиторлардың абсолютті басымдығы бойынша заңнамалық түзетулер болып табылатындығын атап өтті. Д. Ақышев сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға бұл түзетулерді қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. «Бұл кредиторлардың кәсіпорындар банкроттығына мүдделілігін арттыруға, нақты секторды қалыпқа келтіруге, экономикалық айналымға кепіл мүлкін тартуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ол.
Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы хабарлағандай, 2019 жылы Қазақстан Ұлттық Банкі банк активтерінің сапасын жан-жақты бағалау бойынша дайындық жұмысын бастайды, қаржы реттеушісі бұл мәселелерді банктермен талқылай бастады.
Д. Ақышев сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкінің 7-20-25 бағдарламасының үлгісімен Қазақстан азаматтарының отандық автомобильдер сатып алуына кредит беру бағдарламасын жедел әзірлеуге дайын екендігін атап өтті. «Бұл ұсынысты мүдделі мемлекеттік органдармен және банктермен ағымдағы жылғы бірінші жартыжылдықта жан-жақты пысықтауға және бағдарламаны екінші жартыжылдықта іске қосуға дайынбыз», - деп атап өтті ол.
«Экономикадағы көлеңкелі айналыммен күрес шеңберінде біз қолма-қол ақшаны пайдалануды шектеу және қолма-қол ақшасыз айналымды кеңейту бойынша қажетті шараларды талқылауға дайынбыз», - деді сөзін қорытындылай келе Д. Ақышев.