Алматы. 25 қыркүйек. 7kun.kz – Біріккен Королдік Еуроодақ бюджетін 2,7 млрд еуро шығынға ұшыратты.
Еурокомиссия Лондонға Қытайдан имппорттаған тауарлары үшін толық төленбеген баж салығын өтеу туралы ескерту жіберді.
Еурокомиссияның мәліметінше, Ұлыбритания 2011 мен 2017 жылдар аралығында 2,7 млрд еуро салық төлемеген. Естеріңізге сала кетейік, Осыдан бір жыл бұрын алаяқтықпен күрес жөніндегі Еуропалық қызмет осы айлакерлікті әшкерлеген еді. Тұманды Альбионға импортталған қытайлық аяқ киім, тоқыма бұйымдары мен өзге де тауарлардың бағасы әдейі кемітілген. Сәйкесінше, Еуроодақ қазынасына баж салығы кем төленген. Бұған дейін Ұлыбритания үкіметі бұл істе жауапты емес екендігін мәлімдеп, берешегін мойындаудан бас тартқан болатын.
Ұлыбританияның қарызын өтеуге 2 ай уақыты бар, өйтпесе Еурокомиссия бұл істі Еуропалық соттың қарауына тапсыруы мүмкін.