Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Маңғыстау облысында атыс болды. Зардап шеккендер бар

Маңғыстау облысында атыс болды. Зардап шеккендер бар

Маңғыстау. 18 шілде. 7kun.kz - 2017 жылы шілденің 17-нен 18-не қараған түні Маңғыстау облысының Құрық ауылында атыс болды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық ІІД хабарлады.

Атыс салдарынан 20-23 жас аралығындағы алты адам жарақаттанған. Оқ бытыралы мылтықтан (дробовик) атылған. ІІД мәліметінше, жарақаттанғандардың үшеуі аудандық ауруханаға жатқызылды. Ал қалған үшеуі өте ауыр жағдайда Маңғыстау облыстық ауруханаға жеткізілді.

"20, 22 және 23 жастағы тұрғындар көптеген оқ жарақаттарымен сағат түнгі 00:30-да Құрықтан облыстық емханаға жеткізілді. Үшеуіне жедел түрде ота жасалды. Зардап шегушілер кеуде тұсынан, аяқ-қолдарынан жарақат алған. Олардың бірі өте ауыр жарақаттармен келіп түсті. Ол жансақтау бөлімінде жатыр", - деді емхана өкілі Мұхамеджан Нұрғазиев.

Екінші науқас есін жиған. Ал үшінші зардап шегуші жасанды қан айналым аппаратына қосылды.

Оқиға куәгерлері болса, атыс салдарынан бірнеше адамның өлтірілгенін айтуда. Маңғыстау облысы ішкі істер департаменті бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме бермеді.

"Қазіргі уақытта күдіктілер іздестіріліп жатыр. Тергеудің өзге ақпараты әзірге құпия", - деді мекемеде.

Похожие материалы