Майнингке салынатын салық мөлшерлемесін арттыру туралы Салық кодексіне түзетулер ҚР Парламентіне сәуірдің аяғында немесе мамырдың басында енгізіледі. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
"Расымен, майнингке салынатын салық мөлшерлемелерін арттыру туралы тапсырма бар. Бізде қазіргі мөлшерлеме 1 теңге, біз оны 10 есеге арттыруды ұсынамыз (тұтынылатын 1 кВт/сағ электр энергиясы үшін – ИФ-К). Біздің тарапымыздан кеңес берілген жалғыз нәрсе – мөлшерлемені дифференциялау. Оны 10 теңгеге дейін көтеріп қана қоймай, электр энергиясының құнына байланысты ыңғайлау керек», – деді вице-министр.
Ол қазіргі уақытта майнингке қатысты Салық кодексіне түзетулер тұжырымдамасы бекітілгенін айтты.
«Айдың аяғында немесе мамырда біз Мәжіліске барып, осы түзетулерді ұсынатын боламыз. Майнингтен қосымша 9 млрд кіріс күтілуде», – деді Әмрин.
Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Энергетика министрлігі мен Қаржы мониторингі агенттігіне республикадағы заңсыз майнинг мәселесін түпкілікті шешуді және оған салынатын салық мөлшерін арттыруды тапсырған болатын.