Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Максимилиан Федингердің бизнестегі мол тәжірибесі Қазақстанда

Максимилиан Федингердің бизнестегі мол тәжірибесі Қазақстанда

Астаналық кәсіпкерлер палатасында «Тұтынушының құлшынысын қалай ояту керек?» деген тақырыпта шеберлік сыныбы өтті.

Австриялық бизнес-кеңесші Максимилиан Федингер астаналық бизнесмендермен және Палата сарапшыларымен бизнес жүргізу тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, оларға тиімді маркетингтік тәсілдер мен бірқатар дүниежүзілік компаниялардың табысқа жетуі құпиясы турасында айтып берді. Оның сөзіне қарағанда: «Кез келген компанияның табысқа жетуі үшін үш нәрсе қажет – ол өндірілетін өнім, сервис деңгейі және тікелей тұтынушыларды тарту процесі. Қазіргі таңда тауарлар мен қызметтерді сатып алушыларды тартудың ең тиімді құралдарының бірі әлі де сарафандық радио күйінде қалып отыр. Сондықтан, Қазақстан экономикасы үшін шағын және орта кәсіпорындарды сақтаудың маңызы зор. Еуропаның тәжірибесіне сүйенсек, шағын және орта бизнестің экономика тірегі екендігін көруге болады. Ал, кәсіпорындар үшін оқу мен білім маңызды өлшемдердің бірінен саналады. Сондықтан, біз жасап шығарған бағдарламада академиялық білім емес, кәсіпорындар өздерінің бизнес саласында бірден қолдана алатын білім жүйесі ғана қарастырылып отыр. Мен Қазақстанда алғаш рет 2001 жылы болғанмын. Сол уақыттан бері бұл елдің өте қатты дамығандығын атап өтпеске болмас. Біздің елде пайдалы қазбалар жоқ, бірақ, Австрияда тек терең білімнің арқасында табысқа жетуге болатындығын түсінетін адамдар бар. Соның арқасында бүгінде Австрияның сауда маркалары бүкіл дүние жүзіне әйгілі болып отыр. Енді біз мол тәжірибемізді өзге елдерге үйретуге ынталымыз», – деді Максимилиан Федингер.   Максимилиан Федингердің бизнесті дамыту саласында 28 жылдық тәжірибесінің, ЕО және БҰҰДБ-мен қаржыландырылатын 24 елдегі халықаралық жобаларға қатысу жағынан 12 жылдық тәжірибесінің бар екендігін айта кеткен жөн. Ол жобаларды құрылымдау, бизнес-жоспарлар мен маркетингтік стратегиялар, сондай-ақ жарнама өнімдерін дайындау бойынша 100-ден астам компаниялармен жұмыс істеген. Сонымен қатар, ол экспортты дамыту және жобаларды басқару мәселері бойынша белгілі тренер әрі мәжіліс спикері де болып табылады. Шара соңында шеберлік сыныбының тыңдаушылары – барлық мәселе кеңінен қамтылып, егжей-тегжейлі түсіндірілгенін, халықаралық тренер Федингердің барлық компаниялар біле бермейтін құпиялармен бөліскенін айтып, алғыстарын білдірді.    

Похожие материалы