Жасыл желектің ең маңызды функциясы - улы газдарды бойына сіңіру. Мысалы, орта көлемдегі бір ағаш тәулігіне 3 адамға қажетті оттегі бөледі алады.
Осы ретте, жасыл желекті көбейту мәселесі Маңғыстау облысы, соның ішінде халық саны ең тығыз орналасқан, автокөлік саны бойынша Ақтау қаласынан кейінгі екінші орындағы Мұнайлы ауданы үшін маңыздылығы өте жоғары. Алайда бұл ауданда көгалдандыру жұмысы жағдай көңіл көншітпейді.
Көгалдандыру процесінің тиімсіз жүзеге асырылуына бірнеше фактор әсер етуде. Атап айтқанда, көгалдандыру жұмысын жүргізу барысында климаттық, географиялық ерекшеліктердің ескерілмеуі, мемлекеттік сатып алуға қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жетілмегендігі (шикілігі), жергілікті атқарушы билік өкілдерінің құзіретінің шектеулігі, инновациялық технологияларды қолданбауы, білікті агроном мамандардың жетіспеушілігі, жариялылықтың болмауы, жергілікті тұрғындардың салғырттығы және т.б. факторлар аталған саланың дамуына кедергі келтіріп отыр.
Мысал ретінде Басқұдық ауылын көгалдандыру бойынша жарияланған мемлекеттік сатып алу байқауының нәтижесін қарастырсақ:
Байқау өткізудің мерзімі |
Байқау өткізудің тәсілі |
Техникалық ерекшеліктің мазмұны |
Бөлінген қаражаттың сомасы |
Орындаушыны анықтау |
19.05.2016-31.10.2016 (5 ай) |
ашық конкурс |
500 түп қара ағаш, 60 түп туя ағашы (бозарша), 200 раушан гүлі |
6 274 107 |
«Атамекен тазалық» ЖШС |
06.04.2017-31.10.2017 (6 ай) |
ашық конкурс |
200 түп қара ағаш, 60 түп туя ағашы (бозарша), 200 раушан гүлі |
7 855 357 |
«Қазақ соқырлар қоғамы» |
24.04.2018-31.10.2018 (6 ай) |
ашық конкурс |
200 түп қара ағаш, 60 түп туя ағашы (бозарша), 200 раушан гүлі |
3 571 428 |
«Қазақ соқырлар қоғамы» |
Егер 2017 жылы 200 түп қара ағаш, 60 түп туя ағашы және 200 раушан гүлін отырғызуға аудан бюджетінен 7 855 357 теңге бөлінсе, 2018 жылы дәл сол қызмет түріне қаражат 2,5 есе, нақтырақ айтқанда 4 283 929 теңгеге кем бөлініп отыр. Көрсетілетін қызмет көлемінің екі жылда да бірдей болуына қарамастан. Яғни бұл көгалдандыру бағытында көрсетілетін қызмет ережесінің, стандарттарының, есептеу жолдарының жоқтығына дәлел.
Атамекен ауылы әкімінің айтуынша, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу барысында кездесетін тағы бір үлкен мәселе ол «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңымен байланысты. Аталған заңға сәйкес, аббаттандыру және көгалдандыру қызметі тек мүгедектер ұйымдары арасында өткізілу қарастырылған, алайда ондай ұйымдардың санының шектеулі болуына байланысты, байқау жеңімпазын анықтау біршама уақытты алады, ал көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін мезгіл кезеңдерін сақтау аса маңызды.
Жергілікті агроном мамандардың айтуынша, соңғы 10-15 жылдықта Маңғыстау өңірінен агроном мамандығына мүлдем ешкім бармайды, көгалдандыру қызметінің жетілмей қалуы таң қаларлық жағдай емес. Қазіргі таңда көгалдандыру бағытында қолданылып жүрген әдіс-тәсілдеріміз, техникамыз әлдеқашан ескірген, дамыған елдердің ешбірі біз секілді (водовозбен) суғару жұмыстарын жүргізбейді.
Мұнайлы ауданы ауылдарының тұрғындары да көгалдандыру жұмыстарына көңілдері толмайды.
Досжанова Санем, Қызылтөбе ауылының тұрғыны
«Барлығымыз ауылды жерде туып өстік, ағаштың отырғызылу тәртібін терең білмесек те, жалпы хабарымыз бар. Көп жағдайда көріп жатамыз, күз мезгілінде отырғызылатын ағаштар, көктемнің соңғы айында, кейбір жағдайда тіпті жаз мезгілінде отырғызылып жатады».
Айтжанова Даметкен, Мұнайлы ауданының тұрғыны
«Жалпы менің отырғызылатын көшеттердің сапасында үлкен күмәнім бар, себебі көріп, байқап жатамыз. Отырғызылған ағаштар, көгермей жатып солып қалады».
Бекниязова Нуркия, Басқұдық ауылының тұрғыны
«Жылда ағаш отырғызылғанмен, отырғызылған ағаштарды мал жеп қояды, ешқандай қоршау жоқ. Сонымен қатар, ағаштарға су күндіз құйылып жатады. Егісті білмей ме екен? - деген сұрақта қаласың. Маңғыстаудың күнінен бөлек, желі де жаман - тез-тез суғарып отырмасаң, бір мезетте топырақты кептіріп жібереді».
Зерттеу жүргізген - Мөлдір Амангелдиева