Менің жалдамалы жұмыскер ретіндегі тәжірибем үлкен болмаса да, жас кәсіпкерлермен бөлісетіндей айтарым бар деп ойлаймын. Өзімнің жұмыс мансабымды студенттік шағымда бастадым. Басында шабарман, жүк тасушы ретінде түрлі жұмыстарда кішігірім ақша тауып жүрдім. Кейіннен консалтингтік компанияға қызметке кірудің сәті туды. Дәл сол жерде мен өзімнің салама ғашық болған едім. Аптаның алты күнінде, кейде таңғы 8-ден кешкі 9-ға дейін жұмыс iстейтiнмiн. Сол уақытты күлімдеп еске аламын, себебі, мен олай тек алғашқы компаниямның негізін қалаған кезде ғана жұмыс істеуші едім. Жалпылама айтқанда, мен жұмысшы да, жұмыс беруші де болып, ұжым жұмысының екі жағын көре алдым.
Сіздер үшін мен компаниядағы жұмыста алған сабақтарымды жинақтап, өз ісін бастағысы келгендер үшін керекті ақпаратпен бөлісемін.
№1-сабақ. Билікті алмайды, билікті тартып алады.
Осы сабақты мен ұмытпастай есте сақтадым. Ол кезде мен Мәскеуде жоғарыда айта кеткендей консалтингтік компанияда жұмыс істеген едім. «Өзгеріс кезеңінде жұмыс істемеген жөн» деген Қытайдың нақыл сөзі бар. Дегенмен, мен 2007-2008 жылдары компанияда жұмыс істеуім өте үлкен сәттілік деп білемін. Бүкіл әлемде дағдарыс жүріп жатты, ал компанияда кадрлық орналастыру мен қайта ұйымдастыру процестері жүріп жатты. Менің бөлімімнің басшысы жұмыстан шығарылды, оның орнына басқа біреу тағайындалмағандықтан, міндеттерін атқарушы ретінде оның орынбасарын бекітті. Есімде, басшылық ауысқанымен ешқандай өзгеріс болған жоқ. Кейіннен міндетті атқарушы орынбасары ресми тағайындалу мен бұйрықты күткендіктен, басқару өте баяу жүзеге асқандығын білдім. Өкінішке орай, ресми тағайындау болмады да. Бас директордың орынбасары өз сөзінде сол міндетін атқарушы қызметкер бұйрықты күтпей, жауапкершілікті өз мойнына алып, іскер басқарушы ретінде жұмыс істегенде жағдай басқаша болатынын айтқан еді. Себебі, «билікті алмайды, оны тартып алады» деген болатын. Бұл мен үшін үлкен сабақ болды. Осыдан кейін мен үнемі жауапкершілікті өз қолыма алып, бірінші әрекет ететінмін. Сондықтан да болар, менің компаниядағы мансабым жылдам өсіп, бар-жоғы 6 айдың ішінде құжат дайындайтын маманнан бақылау бөлімінің орынбасары деңгейіне дейін көтерілдім.
№2-сабақ. Билік қаншалықты үлкен болса, жауапкершілік те соғұрлым өседі.
Сіздер күлетін боларсыздар, алайда осы сөзді мен алғаш рет «Өрмекші адам» мультхикаясынан естіген едім. Осы сөздерімен Питер Паркердің көкесі оны дұрыс жолға салуға тырысады. Мен жетекші болғанда жауапкершіліктің барлық ауыртпалығын сезіндім. Әрине, басында жетекші болу мен үшін қызықты болып көрінді, бірақ кейіннен үлкен әрі қиын жұмыс екенін ұғындым. Әрбір қызметкерке икемденіп, басшыларымның алдында қол астымдағылардың барлық қателігі үшін жауап беріп жүрдім. Сондықтан көтерілмес бұрын жақсылап ойланыңыз. Жақсы жағы – жауапкершілік көп болған сайын, айлық көлемі де өседі. Таңдау - өзіңізге байланысты.
№3-сабақ. Проактивті болыңыз.
Егер сіз мансап баспалдағымен жылдам көтерілуді қаласаңыз, проактивті болу - сіздің бойыңызда болуы тиіс міндетті қасиет. Мерзімнен артық түскен жалақыны сақтаңыз, жаңа міндеттер алыңыз, идея ұсыныңыз, мәселенің шешімдерін қарастырыңыз. Маған жетекші ретінде қызметкерлердің құлшыныс білдіруі қатты ұнайды. Себебі, бұл – адамның бұдан да үлкен істерге дайын екенiнің көрсеткіші. Егер ол талпынса, оған осы жолда қуана-қуана көмектесуге болады.
№4-сабақ. Сөйлесіңіз.
Қазір нетворкинг туралы, жаңа таныстықтар мен керекті адамдармен қарым-қатынас жүйесін орнату маңыздығы жайлы мақалалар жеткілікті. Бұл туралы Дейл Карнеги де жазған болатын. Расымен, бұл – өте пайдалы қасиет. Дәл осы икем менің бірінші болып жаңа ақпаратты білуіме немесе күтпеген жерден көмек алуыма себепші болды. Жаңа таныстық жаңа қызметке ие болуға ғана пайдалы емес, компанияға жаңа кілттік тұтынушыларды шақыруға жол ашады. Ал оны басшылық қатты бағалайды, тиісінше, марапаттайды.
№5-сабақ. Жоспар.
Жоспар құру жиі кездеспейтінімен көптеген табысты тұлғаларда өзінің мансабының даму жоспары болған. Жоспардың болуы – маңызды. Мен қайда түсерін білмейтін жастарды жиі көремін, оқу аяқтағаннан кейін қай жерге жұмысқа тұратынын білмейтіндер де бар. Тиісінше, олар кім болғысы келетінін де білмейді деген сөз. Алдыңызға мақсат қойыңыз. Қазір өз-өзіңізге сұрақ қойыңыз – «5 жыл, 10 жылдан кейін қандай қызметте істегіңіз келеді?».
№6-сабақ. Кәсіби болыңыз.
Егер сіз университеттегі сабаққа көп назар аудармаған болсаңыз, қазір сол өткенді қайтаратын уақыт келіп отыр. Өзіңізге не керегін және мансаптық баспалдақтан қалай көтерілетініңізді анықтағаннан кейін өзіңізді жан-жақты дамытуды бастаңыз. 5 жылдан кейін сіз өте танымал кәсіпорынның коммерциялық директоры болғыңыз келеді делік. Қаржы әдебиеттерін оқыңыз, курстарға қатысыңыз, тренингтерден өтіңіз. Сонымен қатар, коммерциялық директорға тән қасиеттерді анықтаңыз. Оған жататындар - сандарды дұрыс есептей білу және ұжымды жақсы басқару. Қызметкерлер құрамын басқаруда тәжірибеңізді арттырыңыз. Әзірше сіздің қол астыңызда жұмыс істейтіндер жоқ шығар, бірақ сіз достарыңызбен, отбасы мүшелеріңізбен және әріптестеріңізбен бірге тәжірибе өткізсеңіз болады. Сіздің пікіріңізге құлақ асатындай жасаңыз, сіздің сөзіңіз соңғы сөз болсын.
№7-сабақ. Демала біліңіз.
Жұмыс мансабын бастап жатқан жастардың көбісі демалыс, дос және отбасы туралы ұмытып кетіп жатады. Менің ойымша, бұл ерте ме, кеш пе өнімдіктің төмендеуіне әсер етеді. Себебі, жұмыс - өміріміздің маңызды болса да жай ғана бір бөлігі. Өмірдің басқа қырларымен байланыс сақтап тұру – аса маңызды. Спортпен айналысыңыз, белсенді әлеуметтік өмір сүріңіз, достарыңызбен, туыстарыңызбен кездесеңіз және т.б. Сіз осы іс-әрекеттердің мансаптық өсуге де жақсы әсер ететінін түсінесіз. Белсенді өмірді ұстанатындар мансаптық баспалдақпен басқаларға қарағанда жылдам көтерілетіні бұрыннан дәлелденген.
Өз өміріңізге асқан жауапкершілікпен қараңыз. Мемлекеттің жұмысқа орналастыруға кепілдік беретін уақыты өтіп кеткен. Еңбек нарығында да - үлкен бәсекелестік. Дегенмен, сапалы әрі сауатты жұмыс iстейтiн қызметкерлер қай уақытта болмасын қажет екенін ұмытпаңыз. Жарқын әрі есте қаларлықтай болыңыз, ынта-жігеріңізді танытыңыз, сонда сіз міндетті түрде көзге түсесіз.
[caption id="attachment_89110" align="alignright" width="150"] Фото: hipo.kz[/caption] Дереккөз: hipo.kz