Астана. 12 қыркүйек. 7kun.kz — 2017 жылғы қаңтар-тамызда машина жасау өндіріс көлемі 6,3 пайызға өскен. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Тимур Нұрашев баспасөз маслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Орталық коммуникациялар қызметі.
Т.Нұрашевтың айтуынша, 2017 жылдың басынан машина жасау саласында айтарлықтай өсім байқалады. Жеңіл автомобиль өндірісі 4,7 есе, темір жол вагондар өндірісі 9 есе, трансформатор өндірісі 2 есе өскен.
Қазақстанда 2017 жылдың 7 айында 9 678 автомобиль өндірілген. Электр жабдықтар өндірісінің көлемі 63,8 млрд теңгеден асқан.
Темір жол машина жасау саласында қарқынды даму бар. 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында сектордың нақты көлем индексі (НКИ) 144,7 пайызға жетіп, көлемі 31,5 млрд теңгеге дейін ұлғайған.
Айгүл Хожантаева