Алматы. 21 қаңтар. 7kun.kz — 31 қаңтарда Мәскеудің тагандық соты қазақстандық "БТА Банкі" директорлар кеңесінің экс-төрағасы Мұхтар Әбіләзовқа қатысты ақша жымқыру туралы қылмыстық істі тыңдауға кіріседі.
Дереккөздердің мәліметінше, Әбіләзовқа бақылаудағы ұйымнан 58 миллиард рубльден астам қаржыны жымқырды деген айып тағылған.
Айта кетейік, сот жұма күні кәсіпкердің қорғаушысының келмеуіне байланысты қылмыстық істі мәні бойынша қарауға кірісе алмады.
Әбіләзовтан басқа, аталған іс бойынша банктің бұрынғы басқарма төрағасы Роман Солодченко, сондай-ақ банктің басқа да бұрынғы қызметкерлері: Артур Трофимов, Игорь Кононко, Татьяна Параскевич, Анатолий Ерещенко және Александр Удовенко да сұралады.
Қазіргі уақытта қылмыстық іске қатысты адамдар Еуропада. Оларды кері жіберу бойынша Қазақстан, Ресей және Украина үміткер болып отыр.
Ал Мәскеу соты істі сырттай тыңдайды.
Тергеу барысында Әбіләзов "Ресей Федерациясының аумағында орналасқан, қазақстандық банктің аса ірі мөлшерде ақша қаражатын жүйелі түрде ұрлауға мүмкіндік беретін, ауқымды инвестициялық жобаларды қаржыландырудың бірнеше күрделі және шатастырылған схемаларын әзірледі" деген тұжырым қалыптасқан.
Іс жүзінде 400-ге жуық том бар. Мұхтар Әбіләзов аса ірі мөлшердегі алаяқтықтың 9 эпизодында (РФ ҚК 159 бабы 4 бөлігі), қылмыс жасау нәтижесінде алынған мүлікті жария етудің 3 эпизодында (РФ ҚК 174.1 бабы 3 бөлігі), өкілеттікті теріс пайдалану (РФ ҚК 201 бабы 2 бөлігі) және ұйымдасқан топтың алдау жолымен аса ірі залал келтіру (РФ ҚК 165 бабы 3 бөлігі "а", "б" тармақтары) айыпталып отыр.
Еске сала кетейік, Қазақстанда Мұхтар Әбіләзов "БТА банкінен" шамамен 7 миллиард доллар ұрлағаны үшін сырттай 20 жыл колония алған, ал өткен жылы тапсырыспен өлтіруді ұйымдастырғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды.