Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов елорданың атын өзгертуге қанша қаражат жұмсалатынын айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
2019 жылы елорда атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге қалалық бюджеттен 30 млн теңге жұмсалған.
«2019 жылмен салыстырғанда барлық мемлекеттік орган құжат айналымы бойынша 100% цифрлық форматқа ауысты. 2019 жылы әкімдік бойынша жалпы мемлекеттік органдар арасында маңдайшалар, бланкілер мен мөрлерді өзгертуге 30 млн теңге жұмсалған. Биыл цифрлық құжат айналымын ескеріп, шығын әжептәуір аз болады деп ойлаймын. Себебі қазір мемлекеттік органдардың көбісі ресми түрде бланкімен ештеңе жібермейді, ЭЦҚ пайдаланады», – деді ол.
Елорда атауын өзгерту үшін қала бюджетінен қаржы бөлінеді.
Айта кетейік, 2 қыркүйекте «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері елорданың бұрынғы атауы – Астананы қайтаруды ұсынды. Ал 14 қыркүйекте Конституциялық заң жобасында Нұр-Сұлтан атауын өзгерту туралы ұсыныс енгізілді.