Алматы. 14 қыркүйек. 7kun.kz — CardsMobile компаниясы Қазақстанда «Кошелёк» қосымшасын іске қосты. Бұл туралы Қазақстан баспасөз клубы хабарлады.
Қазақстандағы смартфон иелері енді кез келген картасын мобильді қосымшаға көшіріп, смартфондағы картасы арқылы қалағанын сатып алып, шегерімдерді ала алады. Бұл қызмет арқылы банктерге де арнайы мүмкіндіктер ашылып отыр. Енді банктер мобильді онлайн-төлемдерді және смарфтон арқылы түйіспесіз төлемдерді жасайды. Қосымшамен серіктескен банктер түйіспесіз төлем технологиясында жұмыс жасайтын Android-смартфондарға арналған банк карталарын шығарады. Яғни смартфонға арналған банк карталарымен клиенттер, өз смартфонын кассадағы терминалға бір рет тигізіп, заттар мен қызметтерді төлей алады.
Бизнеске арналған "Кошелёк" қызметі арқасында саудамен айналысатын және қызмет көрсететін кәсіпорындар сауалнаманы толтырмастан немесе кассадан шегерімдік пластикалық картасыз, жаңа клиенттерді серіктестік бағдарламасына тіркей алады. Сондай-ақ, бұл қызмет мобильді қосымша ішінде хабарламалар жіберу арқылы клиентпен ыңғайлы жолмен байланысуға жағдай жасайды.
«Біздің қызметіміз шетелдік нарыққа алғаш шығып отыр. Осы нарыққа шығу үшін біраз дайындалдық. Электронды қызметімізді Қазақстанға шығарып жатқанымыздың себебі көп. Қазақстандағы нарықтың әлеуеті өте зор. Бірінші кезекте, елде қолма-қол ақшасыз төлемдердің кеңінен таралып жатқанымен байланысты. Жаңа технологияға қызығушылық та жоғары. Ритейл саласында да серіктестік бағдарламалары қарқынды дамып жатыр», - дейді «Кошелёк» қосымшасының операциялық директоры Филипп Шубин.
«Кошелёк» қосымшасын өз смартфондарына жүктеп алған қазақстандықтар әзірше оған өз карталарын «көшіре алады», яғни шегерімдерді алуға мүмкіндік беретін серіктестік бағдарламаларын «цифрге ауыстырып», онлайн-төлемдерді қауіпсіз жолмен жасау үшін банк карталарының деректемелерін сақтауға мүмкіндігі бар. Осылайша «Кошелёк» қосымшасы қазақстандықтардың қалтасындағы әмиянның орнын басатын болады.
Айгүл Хожантаева