Астана. 15 маусым. 7kun.kz - Мәжіліс жерді сату және жалға беруді тоқтату туралы заң жобасын мақұлдады.
"ҚР Жер кодексінің кейбір нормаларының жұмысын тоқтату туралы" және 2015 жылдың 2 қарашасындағы "ҚР Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын жасауға ҚР Президентінің 2016 жылдың 6 мамырындағы "Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы" Жарлығы себеп болды.
"Бәрімізге белгілі, жерге қатысты мәселелерге байланысты 2016 жылдың 6 мамырында Президент жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий енгізілген болатын. Нақтылап айтқанда, бұл ҚР 2015 жылдың 2 қарашасындағы "ҚР Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының нормаларын жүзеге асыруға, яғни шетелдіктерге, азаматтығы жоқтарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ шетелдіктердің меншігінде жарғылық капиталының 50 пайыздан аса үлесі бар заңды тұлғаларға ауыл шаруашылық жерлерін жалға алу шартымен ұсынуға, мемлекеттің меншігіндегі ауыл шаруашылық жерлерін жеке меншік құқығына беруге мароторий жарияланды", - деп хабарлады Ауыл шаруашылық министрі, вице-премьер Асқар Мырзахметов.