Астана. 6 қаңтар. 7kun.kz – Медициналық жоғары оқу орындарының студенттері үшін жыл сайын шәкіртақы 20%-ке дейін ұлғайтылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«2025 жылға дейін шәкіртақыны жыл сайын 15% және 20%-ке ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл жақсы оқуға қосымша серпін береді және біздің оқу орындарымызға мықты талапкерлерді қосымша тартады», – деді Ғылым және адам ресурстары департаментінің директоры Дәулет Алдыңғұров.
Ведомство хабарлауынша, өткен жылы бакалавриат студенттері үшін ол екі есеге жуық, интерндер үшін 25%-ға, резиденттер, магистранттар, докторанттар үшін 15%-ға өсті.
Дәулет Алдыңғұровтың айтуынша, 2022 жылы республикалық бюджеттен 4 700 білім гранты бөлінсе, оның ішінде 1 500 грант резидентураға тиесілі. 2023 жылы республикалық бюджет есебінен резидентурадағы гранттар санын 2 500-ге дейін ұлғайту жоспарлануда.
Ол 2021 жылдан бастап министрлік өңірлерден түскен өтініштер бойынша резидентураға гранттарды бөлуді енгізгенін атап өтті.