Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

"Мегадағы" бренд-дүкендер неге жабылды?

"Мегадағы" бренд-дүкендер неге жабылды?

MEGA ойын-сауық орталығы басшылығы мен нарықтағы ірі ритейлдердің арасындағы дау туды. Алматыдағы Мега орталықтарындағы жалға берілген орындардың доллармен белгіленуі жалға алушы тараптан қарсылыққа ұшырады. 60-қа жуық бренд дүкендер бір тәулікке жабылып, басшылықтан әділ шешімді талап етті. Ірі ойын-сауық орталығындағы бұл оқиға әлеуметтік желілерде де қызу талқылануда.

Аталған мәселені шешу үшін Қазақстанның ритейлерлер ассоцияциясының президенті Василий Горевой ойын-сауық орталығының әкімшілігіне бірнеше рет жалға беру келісімі бойынша жалдау құнын көтермеу немесе сатылымға байланысты белгілі бір пайыздарды алып отыру туралы өтініштерді қарауды ұсынды. Алайда орталық басшылары  жазған хаттарды назардан тыс қалдырып, осы сұраққа байланысты кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған қоғамдық тыңдалымға қатыспаған. Осыдан соң ойын-сауық орталығының бренд дүкендері өз бутиктерін жауып, наразылық танытты. Тек жалдаушылардың наразылығынан кейін ғана Меганың басшылары мәселені шешуге араласты. "Мұның барлығы тек бір себеппен ғана болды. Қоғам назарын аударту үшін БАҚ өкілдері мен Қазақстанның ритейлерлер Ассоциациясынан шақырылғандар көп келді. Кездесу өтті. Жалға алу келісімінің шетел валютасымен белгіленуі - сауда орталығының доллармен несие алуында деп түсіндірді. Орталықтың мемлекеттік субсидиямен бюджеттен несие алғанын бәрі біледі.  Мемлекеттік бюджеттен ақша бөлінген соң бәріміз Меганың аяқтан тік тұруына көмектестік. Алайда не үшін орталық басшылары жалға алушылармен кездескісі келмейді? Олар - бизнестегі серіктестері. Ритейлдер жылдар бойы орталыққа клиент тартумен айналысты", - деп жазады басшылар мен ритейлдердің жиналысына қатысушылардың бірі Жанна Ильичева өзінің фейсбук парақшасында. Мегадағы танымал бренд дүкендер жабылса, мыңдаған адам жұмыссыз қалуы мүмкін. "Мега-дағы 60-қа жуық брендтер (нақтырақ 200 дүкен) жалгерлікке байланысты жабылды. 30 000-ға жуық қызметкер жұмыссыз қалуы мүмкін. Қаншама отбасы қаржысыз қалады. Оларға қамқорлық танытып отырған ешкім жоқ", - дейді VOXPOPULI.kz сайтының бас редакторы Жанна Ахметова фейсбук парақшасында. Дүкен иелерінің жалға алу құнының көтерілуіне байланысты қарсылықтарын негізсіз деп санайтындар да бар. Молл-орталықтардың жағдайы жайлы MEGA Center  Kazakhstan-ның бұрынғы PR қызметінің жетекшісі  Әлішер Елікбаев-та өз парақшасында пікір білдірді. "Орталықтағы 8 жылдық қызметтен кейін жалға алушылардың "көтерілісіне" қарсы сөз айтуыма болады. "Қарабас-Барабас" Нұрлан Смағұловтан зиян шегіп жүрген дүкеннің франшиз иегерлерінен жетім, жарымжан тұлға жасаудың қажеті жоқ. Олар келісімге қол қойғанда, "Мега" несиесінің доллармен алынғанын, жал құны да долларға байланатындығын білді. Ешкім оларға тапанша тақаған жоқ. Бірақ барлығы бұрынғысынша "Мегада" қалғысы келеді. Бұрынғысынша жарнамаға бас ауыртпай, "Мега" арқылы бизнесті алға бастырғысы келеді.  Мен Нұрлан Еркебұланұлымен әлі кездеспедім. Егер кездесетін болсам, "Мегадағы" бопсалаушылықты ұйымдастырғандардың дүкендерін туралы толық мәлімет жинауды ұсынар едім. Ондай сүйелдерді бірден жоқ қылу қажет. "Достық Плазада" да солай істеуіне кеңес беремін. Өйткені ол жерде де дәл осындай болады. Ал сатылымнан пайыз төлеп отыру бөлек мәселе. Көпшілігі қызметкерлеріне ақшаны конвертпен беретін ритейлден саудасы туралы ашық есеп береді дегенді күтпеу керек ", - деп жазады "Меганың" бұрынғы қызметкері. Сондай-ақ,  Қазақстан туристтік ассоциациясының спикері Денис Кривошеев, кәсіпкер Константин Пименов  ойын-сауық орталығына қатысты пікірлерін өз фейсбук парақшаларында жазды. Ал "Атамекен" ҰКП сауда секретариатының хатшысы Жібек Әжібаеваның сөзінше, Қазақстандағы ритейлерлер алдағы уақытта Ресейдегідей жалдау орындарының трафиктері төмен жерлерді қарастыратын болады. "Егер ритейлерлер сауда орталығында жаңа брендтерді аша береді деп күтсек, онда нақты жалға беру тарифін қою керек. Мысалы, долларға қатысты жалдау келісімін алып тастап, орталықты жөндеу кезінде төлем жасатпай-ақ, шығынның орнын толтыра алады" - деді ол. Аталған мәселеге қатысты "Қаржы қызметтерін дамытудың ұлттық қоры" шетел валютасына қатысты тауар құнының келісімі туралы ҚР Азаматтық Кодексінде көрсетілген заңнаманы атап көрсетті. Кейінірек MEGA әкімшілігі ойын-сауда орталығы өзгелердің коммерциялық қауіптерін өз жауапкершіліктеріне алуға дайын еместігін мәлімдеді. Себебі банк алдында несиелік міндеттемелері, қызметкерлері, серіктестері мен мемлекет алдында жауапкершіліктері бар. Дегенмен сауда орталығының әкімшілігі дүкен иелерімен келіссөздер жүргізіп, 6 айға дейін жалға алу төлемін доллар бағамына қатысты 210 теңге деңгейінде белгіледі. Саудадан пайыз беріп отыру қажет деген ұсынысты толық құптай қойған жоқ. Олардың сөзінше, ритейлдің көпшілігі өздерінің табыстарын болжай алмайды, тиісінше, коммерциялық және имиджік жағынан шығынға ұшырайды.

Орталықтың баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, сауда орталығы барлық ритейлердермен арнайы келісім-шарт жасасқан. Қазір республика бойынша басқа орталықтар қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.

Похожие материалы