Экономика
Мэйуэзер мен Пакьяоның жекпе-жегінің бюджеті қанша?
Бүгін Мәскеу уақытымен 06:00, Астана уақытымен 08:00-де Лас-Вегастағы MGM Grand кешенінде америкалық Флойд Мэйуэзер мен филиппиндік Мэнни Пакьяо арасында «ғасыр жекпе-жегі» өтпек. Олай деуге себеп екі боксшының атақ-даңқымен қатар жекпе-жектің бюджетінің өзі орасан. Шетелдік басылымдар жарыса жазып жатқан сандарды сөйлетсек.
Екі боксшының кездсеуін бокссүйер қауым 6 жылдан астам уақыт күтті. Бірде үзіліп, бірде қайта жалғасқан келіссөздердің нәтижесінде кездесу өтетін болды.
Жеңімпаз 3 бірдей чемпиондық белбеуді WBA (Super), WBC және орташа самақтағы WBO (66,7 келіге дейін) тағады. Қазірше бірінші екеуі Флойдқа, үшіншісі Мэнниге тиеселі.
Екі боксшы алатын жалпы сыйақы көлемі 300 миллион доллар. Мэйуэзерге 60, Пакьяоға 40 пайыз үлеспен бөлінген. Жарыс соңында Флойд пен оның командасы 180 миллион доллар табыс табады. Пакьяо жеңілсе де, жеңсе де 120 миллион долларға ие болады. Бұған дейін мұндай сыйақы Майк Тайсон, Эвандер Холифилд, ағайынды Кличколардың ешқайсының жекпе-жегіне тағайындалмаған.
«Рейтинг Букмекеров»-тің ақпараты бойынша тігілген бәстің жалпы көлемі 80 миллион долларды құрап отыр. Әйгілі рэпер 50 Cent Флойд жеңеді деп 1,6 миллион доллар тіккен.
Букмекерлік кеңселер басымдылықты Флойдқа беруде. Оның жеңісі үшін орташа коэффициент 1,5, Мэнни Пакьяоның жеңісі үшін 3,0 көлемінде.
Промоутерлер де кештен табыссыз қалмайтын сияқты. Олар бокс бәсін тамашалау құнын 100 млн.доллар көлемінде белгілеген. Мұның 5 млн. долларын көрермендер PPV (pay per view — көрсетілім үшін төле) жүйесі арқылы сатып алмақ. Яғни, көрермен көрсетілімді жеке сатып алады. Бұл тек тікелей көрсетілімнің өзінен-ақ промоутерлер жарты миллиард доллар табыс табады деген сөз.
Қомақты табыстың тағы бір бөлігі билеттерді сатудан түспек. MGM Grand кешеніне 12 мың адам сияды. Орындар алдын-ала сатылып қойылған. Мэнни Пакьяоның өзі демеушілері, туыстары мен таныстарына 900 билет сатып алған. Бұл үшін ол 4 млн.доллар төлеген. Яғни әр билеттің құны - 4,5 мың доллар.
Кешендегі VIP-орындардың әрқайсысы 55 мың доллар. Бұлардың барлығын есептегенде MGM Grand кассасына 60-65 миллион доллар түскенін байқауға болады.
Басылымдар қос боксшының тапқан табыстарын қайда жұмсайтынын да жарыса жазуда.
Олар Мэйуэзер Флойд қымбат көлік, жеке ұшақ, шопинг пен әдемі қыздарға жұмсауы мүмкін деп жазады. Ал Мэнни Пакьяо промоутері Боб Арумның айтуынша сыйақысының жартысын Филиппиндегі қайырымдылық қорына аудармақ.