Экономика
IT, Технология
Мектеп оқушылары еріктілерге арналған қосымша жасап шығарды
Қазақстандық үш мектеп оқушысы еріктілерге арналған мобильдік қосымша жасап шығарды. Олардың қосымшалары «Sage Kazakhstan-2015» ұлттық чемпионатында үздік деп танылды.
Құрастырушылар 6-13 тамыз күні Сеулде (Оңтүстік Корея) өтетін әлем чемпионатында өз жобаларын таныстыруға мүмкіндік алды.
Жоба авторларының бірі, Темірлан Уәлидің айтуынша, бағдарлама еріктілерге арналған әлеуметтік желі десе де болады. Әркімнің өзінің тіркелген парақшасы, қатысқан жұмыстары мен рейтингі көрсетіліп тұрады. Ал, волонтерлік көмек керек болып жатса, компаниялар қосымшаға хабарландыру бере алады. Еріктілер жұмысы ақылы не тегін жасалуы келісімге байланысты.
«Қолданушы қосымшаға кіреді де, еріктілер керек болып жатқан компаниялардың тізімін көреді. Кейін уақыты, күні, ақысын қарап, келісім береді. Одан соң қажетті сөздерді жазады да, ол сөз автоматты түрде сіздің телефоныңыздағы күнтізбеге еніп, ескертпе ретінде сақталады. Бұл бағдарламаны жасау мақсаты - бос уақытын тиімді өткізіп, ақша табуға көмектесу. Және де компаниялар үшін де бұл өте тиімді. », - дейді Темірлан Уәли.
Оның айтуынша, алғашқы кезде хабарландыру орналастыру тегін болады. Алдағы уақытта қосымшаның аясында еріктілер мектебін құру жоспарда бар.