Экономика
Мемлекет басшысы: "Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға жылына 100 млрд теңге бөлінеді"
Алматы. 5 қазан. 7kun.kz - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев агроөнеркәсіп секторының толық әлеуетін іске асыруды қажет деп есептейді.
«Мен Үкіметке алдағы үш жылда агроөнеркәсіп секторын дамыту мен ғылымға жыл сайын кемінде 100 миллиард теңге бөлуді тапсырамын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев жылдағы дәстүр бойынша өтетін Қазақстан халқына арнаған жолдауында.
Сондай-ақ, Елбасы еліміздің агроөнеркәсіптік кешеннің толық әлеуетін жылдам іске асыру қажеттігін атап өтті.
«Ең бастысы - еңбек өнімділігін арттыру. Ал 2022 жылға қарай өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты 2,5 есе артады», - деді Мемлекет басшысы.
Н.Назарбаевтың айтуынша, агроөнеркәсіптік кешенге заманауи агротехнологияларды тарту қажет.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласын дамытудың барлық жағдайлары бар екенін, жерлер мен мамандар жеткілікті екенін атап өтті.
«Біз икемді, ыңғайлы стандарттарды енгізіп, агроөнеркәсіп саласындағы табысты әрі білікті шетелдік мамандарды тарта отырып, саланы басқарудағы ең жақсы тәжірибені пайдалануымыз керек», - деді ол.