Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Мемлекет пен қоғам бірігіп сыбайлас жемқорлықты жоя алады

Мемлекет пен қоғам бірігіп сыбайлас жемқорлықты жоя алады

Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің сайлауалды Тұғырнамасын іске асыру жоспарында сыбайлас жемқорлықты жоюды маңызды бағыттардың бірі ретінде айқындады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.

Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады.

Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке болып, ат салысып, қарсы жұиылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.

Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша алдын-алудың ең тиімді әдістерінің бірі - нақты «проблемалық бағыттарға» көңіл бөлу және оларды шешу болып табылады.

Алайда, көпшілікке мәлім, бүгінде елдегі жолдардың сапасы «проблемалық аймақта» және үнемі халықтың назарында.

Соңғы бес жылдың өзінде республикалық бюджетке сәйкес автомобиль жолдарын салуға, қайта құруға және күтіп ұстауға шамамен 1,8 трлн. теңге бөлінген (2014 жылы - 286 млрд. теңге, 2015 ж. - 347 млрд. теңге, 2016 ж. - 389 млрд. теңге, 2017 ж. - 434 млрд. теңге, 2018 ж. - 378 млрд. теңге).

Сонымен бірге, осы бағыттағы мемлекеттік қолдаудың барлық шараларына қарамастан,олардың іс жүзінде іске асырылуы әрдайым үмітке сай емес.

Нәтижесінде, Дүниежүзілік экономикалық форумның 2018 жылға арналған Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингісіне сәйкес Қазақстан жол сапасы бойынша әлемнің 140 елінің ішінде тек 106 орынды иеленді. (2015 ж. - 107/140, 2016 ж. - 108/138, 2017 ж. - 115/137).

Бұл жағдай осы салада жобалық басқару принциптерін енгізуді қажет етті.

Осыған орай, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасы іске қосылды. Жобаның мақсаты – жол салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау кезінде сыбайлас жемқорлықты жою, сондай-ақ, жұмыстар мен материалдардың сапасын зерделеу, бағалау болып табылады.

Бұл ретте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкерлері мен "Жол активтерінің сапасы бойынша ұлттық орталығы" РМК Атырау облыстық филиалының мамандары республикалық, қалалық маңызы бар жолдарды зерделеу мақсатында рейдтік шара ұйымдастырды.

Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 3 қазан күні Құрманғазы көшесінде орналасқан қалалық маңызы бар жолының сапасын тексеру шарасы өтті.

Нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталды.

Жүргізілетін жұмыстарға тапсырысты беруші - Атырау қалалық "Жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімі" Мемлекеттік мекемесі, ал әзірлеуші – «АИС» ЖШС. Мониторинг нысанды тексеру және геометриялық параметрлерін ішінара өлшеу жолымен жүргізілді. Мамандар жолдың енін өлшеп, қалыңдығын анықтау және асфальтті-бетон жабынның көлік жүретін бөлігіне сараптама жүргізу үшін асфальтті-бетон жабыннан керн алды. Іріктеп алынған керн бойынша одан әрі сынақ жұмыстары жүргізіліп, тығыздығын, суға қанығуын анықтау кезінде нормативтік құжат бойынша шамада көрсетілген 4,5 пайыз көрсеткішіне сәйкес еместігі анықталды (нақты қорытындысы – 5,78). Сонымен қатар, қалыпқа келтірілген суға қанығу көрсеткіші 5,25 құрайтындығы анықталды, алайда бұл көрсеткіш 1,0-4,0 аспауға тиіс, сондай-ақ, тығыздық коэффициенті 0,99 кем болмауға тиіс (нақты қорытындылары бойынша 0,97).

Анықталған кемшіліктерді жою бойынша Орталық және Департамент тарапынан тиісті хат жолданды. Қазіргі таңда, кемшіліктер жойылып, әзірлеуші - мердігер ұйымы өз қаражатына бұл жолды қайта жаңартты.

Сонымен қатар, цифрландырудың қазіргі заманғы үрдістерін назарға ала отырып, жобалық кеңсемен болашақта барлық автоәуесқойларға жол сапасын жақсартуға қатысуға мүмкіндік беретін мобильді қосымшаның тестілік үлгісі құрылды.

Аталған қосымша азаматтық басқару шешімдер қабылдау үшін қоғамды кеңінен тарту арқылы елдегі жолдардың сапасы туралы ақпаратты тұрақты жинауға және талдауға мүмкіндік береді.

Қосымшаның тестілік моделі онлайн тәртіпте қалалық жолдардың сапасын бағалауды қарастырады, ол деректерді «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК-на бере отырып, жол жабынының барлық ақауларын және олардың географиялық координаттарын автоматты түрде тіркейді (смартфондардағы акселерометр және GPS арқылы).

Осыған орай, Департамент аталған қосымшаны жүктеу бойынша сұраныс хатты «Смарт Атырау» мекемесіне жолдады.  Яғни, автобус жүргізушілері өз смартфонына жүктеп, жолдардың сапасын анықтап, жақсарту бойынша үлесін қоса алады.

Осылайша, қоғам мен мемлекет болып жолдардың сапасын жоғарлатуға, сыбайлас жемқорлық көріністерін жоюға үлес қоса аламыз.

А.Аманиязова, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің Алдын алу және парасаттылық басқармасының бас маманы

Похожие материалы