Экономика
Мемлекеттік қазынаға түсетін салық мөлшері азайды
Қазақстандық компаниялар есебінен мемлекеттік бюджетке түсетін салық төлемдері азаюда. Өткен жылмен салыстырғанда биылғы жартыжылдықтағы салық төлемдерінің мөлшері 15%-ға төмен деп жазады lsm.kz.
Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті келтірген мәліметтерге жүгінсек, 2015-жылдың 1 жарты жылында қазақстандық компаниялардың өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 6,6%-ға артқан. Алайда, өсудің бұл көрсеткіші салық төлемдеріне соншалықты әсерін байқатпай тұр.
Биылғы жартыжылдық қорытындысы бойынша жиналған салық төлемдерінің көлемі 2014-жылмен салыстырғанда 15 пайызға төмендеп, 1,344 трлн теңгені құрады.
Мемлекеттік бюджетке түсетін салық төлемдерінің көшін қазіргі уақытта Атырау облысы (482,5 млрд теңге) бастап тұр, одан кейінгі орындарға Алматы облысы (200,8 млрд теңге) және Астана қаласы (163,8 млрд теңге) жайғасқан. Ал, ең төмен көрсеткішті Солтүстік Қазақстан (6,5 млрд теңге) мен Жамбыл облысы (4,3 млрд теңге) көрсетіп тұр.