Алматы. 31 шілде. 7kun.kz — Премьер-министр Асқар Мамин мемлекеттік сатып алудағы импорттық автокөліктерге 2 жыл мерзімге тыйым салу туралы Қаулыға қол қойды. Бұл туралы "ҚазАвтоПром" баспасөз қызметі хабарлады.
"Мемлекеттік сатып алу туралы "Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ішкі нарығын қорғау және ұлттық экономиканы дамыту мақсатында Үкімет қаулы етті: мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ҚР аумағында өндірілмейтін тауарларды қоспағанда, шет мемлекеттерден шығарылатын тауарларды ұлттық режимнен алу белгіленсін", - деп түсіндірді одақта.
Ұлттық режимнен алынған тауарлар тізіміне жеңіл автокөліктер енді. Қаулы күшіне енді және екі жыл бойы әрекет етеді. Сондай-ақ, құжат "СТ-КZ" нысанындағы сертификаттың міндетті талабымен тек отандық өндірушілерден ғана мемлекеттік сатып алуды және жалға алуды жүзеге асыруды жүктейді.
"Мемлекеттік сатып алулар 2014-2015 жылдары отандық өндірушілер тап болған дағдарыстан кейін саланы қалпына келтіруде маңызды мәнге ие. Өткен жылы отандық автомобиль зауыттарының сатылымдарының 11%-ы мемлекеттік органдар сатып алған автомобильдерге тиесілі болды. Ең бастысы, отандық өндірістің модельдерін таңдау - экономикалық тұрғыдан ұтымды. Сонымен қатар, "СТ-КZ" сертификатының болуы конкурсқа қатысу үшін міндетті талап ретінде мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімін анағұрлым ашық етеді", - деп есептейді "КазАвтоПром" АҚ-ның стратегиялық жоспарлау жөніндегі директоры Артур Мискарян.