Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Мемлекеттік қызмет саласындағы реформалардың барлығы да ел игілігіне бағытталады – Дархан Жазықбаев

Мемлекеттік қызмет саласындағы реформалардың барлығы да ел игілігіне бағытталады – Дархан Жазықбаев

Еліміздің кез-келген азаматы мемлекеттік қызметтерді өзі қалаған өңірде немесе оларды ұсынатын мекемеде алу мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Бұл туралы Түркістан облысы мен Шымкент қаласына жұмыс сапарымен барған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев айтты.

Агенттік төрағасының өңірге облыстың мемлекеттік қызметшілерімен және жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің студенттерімен кездесу, тұрғындардың тарапынан туындаған мәселелерді тыңдап, оларды шешу жолдарын қарастыру мақсатымен барған.

Агенттік төрағасы алдымен Түркістан облысындағы мемлекеттік қызметшілерімен кездесіп, агенттік алдында тұрған бірқатар мәселелерді баяндады.

Мемлекеттік қызметтердің басым көпшілігі өңірлерде ұсынылатынын ескере отырып, оларды тиімді әрі сапалы жүзеге асыру қажеттілігін алға тартты.

«Еліміздің кез-келген азаматы мемлекеттік қызметтерді өзі қалаған өңірде немесе оларды ұсынатын мекемеде алу мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін сақтамау және рәсімдерін бұзу секілді мәселелердің алдын-алу, мемлекеттік қызметті оңтайлы бағытта ұйымдастыру шараларын қолға алу қажет», деді агенттік басшысы.

Оның айтуынша, алдағы уақытта Президенттің «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы» Жарлығына сай, Агенттік барлық әкімшілік рәсімдерге талдау жасап, әр жарты жыл сайын оның нәтижесін, яғни бюрократия көріністерін алдын алу бойынша нақты ұсыныстарды Президент әкімшілігіне енгізеді.

Агенттік Төрағасы мемлекеттік қызметке іріктеуді жеңілдету бойынша жасалып жатқан бірқатар ұсыныстарға да тоқталды.

«Жоғары оқу орындар мен колледждерде мемлекет есебінен білім алып, оқу үлгерімінің орташа балы (GPA) жоғары көрсеткіштегі маман иесі атанған жастарды аудандық және ауылдық деңгейлердегі төменгі лауазымдық мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз қабылдау ұсынылып отыр. Бұл жас мамандардың ел өңірлеріне оралып, оның дамуына үлес қосуына жол ашып, аймақтарда кадр тапшылығын азайтуға ықпал ететіні күтілуде» – деді Д. Жазықбаев.

Осыған қоса, Д.Жазықбаев Ордабасы ауданы және Кентау қаласында азаматтарды жеке қабылдап, мемлекеттік қызмет көрсету сапасымен танысты.

Сондай-ақ іссапар аясында агенттік басшысы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессорлық-оқытушы құрамымен және жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің студенттерімен кездесті.

Дархан Жазықбаевтың сапары Шымкент қаласында  жалғасып, мемлекеттік қызметшілермен, тұрғындармен, жастармен кездесті.  «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға «бір терезе» қағидасы бойынша ұсынылатын мемлекеттік қызметтің сапасымен, «I-shymkent 109», «Диспетчерлік қызмет» және Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен танысты.

Агенттік төрағасы кездесу барысында айтқан жаңалықтың бірі -  Әдеп жөніндегі комиссиясына жекелеген саяси қызметшілер облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдерінің орынбасарларының, аудан әкімдері және «А» корпусына жататын қызметшілердің жауапкершілігін қарау өкілеттіктері берілген.

Похожие материалы