Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Мемлекеттік қызметшілердің табыс декларациясын ашық қылу жоспарлануда

Мемлекеттік қызметшілердің табыс декларациясын ашық қылу жоспарлануда

Алматы. 29 наурыз. 7kun.kz – Мемлекеттік қызметшілердің барлық декларациялары жария түрде болады. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаменті директорының орынбасары міндетін атқарушы Дидар Смағұлов айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Қазақстан заманауи сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибесін белсенді енгізуде. Мәселен, 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиямен қарастырылған декларациялау жүйесін енгізу жемқорлық көріністерді тоқтатудың нәтижелі әдістерінің бірі болып табылады.  Активтерді декларациялау заңсыз баю үшін жауапкершілік ұғымымен тығыз байланысты. Заңсыз баю - лауазымды тұлғаның заңды табыстарынан елеулі түрде артып кеттетін, ол ақылға қонымды ретпен негіздей алмаған оның активтерінің ұлғаюы», -  деді ол.

Оның айтуынша, жалпыға бірдей декларациялау  жүйесін енгізу - бұл заңсыз баю үшін жауапкершілікті орнату бағытындағы алғашқы нақты қадам.

«Жеке тұлғалардың кірістері мен шығыстарын декларациялау бүкіл әлемде қалыптасқан тәжірибе. Оның негізгі мақсаты экономикалық әл-ауқатты қамтамасыз ету, көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес болып саналады. Сондай-ақ, біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың субъектілері болып табылатын мемлекеттік қызметшілер мен басқа да адамдардың және олардың туыстарының барлық декларацияларына жариялылық және ашық қол жеткізу мәселесін пысықтайтын боламыз. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында азаматтық қоғамды жандандыруға мүмкіндік береді. Осындай жағдайлар аясында 250 000 теңге ресми табыс алатын, бірақ зәулім үйлерде тұратын және қымбат көлік құралдарын пайдаланатын, яғни олардың табыстарынан ондаған есе асып түсетін адамдарға өзекті сауалдар қойылатын болды», - деді Д.Смағұлов.

Похожие материалы