Мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Алайда оң өзгерістерге қарамастан, жекелеген мемлекеттік қызметтерді көрсетуде проблемалар бар. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбаев кеңейтілген Алқа отырысында айтты.
«Агенттік тұрақты негізде, «электрондық үкімет» порталында мемлекеттік қызметтердің көрсетілуіне мониторинг жүргізіп, қорытындысы бойынша порталда электрондық қызметтердің 189 түріне қолжетімділіктің жоқтығын анықтады. Жедел мониторингінің арқасында, «электрондық үкімет» порталында 158 электрондық қызметтің қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметтердің 93,4% электрондық форматқа аударылды», - деді агенттік төрағасы.
Дархан Жазықбаевтың айтуынша мемлекеттік қызметте цифрлық технологияларды кеңінен қолдану үшін «Е-қызмет» жүйесін дамыту және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
«Е-қызмет» жүйесін жаңғырту аясында персоналды басқару қызметтеріне күнделікті жүктемені азайту, кадрлық бизнес-процестерді оңтайландыру, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау есебінен қағаз құжаттардың айналымын азайту, жүйенің мобильді нұсқасын жасау, деректерді талдауға арналған құралды жасау, ашық бастапқы коды бар дерекқорларды басқару жүйесіне көшу есебінен экономикалық тиімділікке қол жеткізу жоспарлануда», - деді агенттік басшысы.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау мақсатында Кіруді бақылау және басқару (КББЖ – СКУД) жүйесін «Е-қызмет» жүйесімен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Әзірше 119 интеграция жүзеге асырылған.