Экономика
Мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеу тәсілі өзгереді
2016 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесі жаңа тәсілмен белгіленетін болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Айгүл Шайымова мәлімдеді деп жазады Қазақпарат.
«Ешкімге жасырын емес, бір деңгейде қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілер жұмыс көлемінің әр түрлі болғанына қарамастан, бірдей жалақы алады. Сыйақыны да ісіне қарап берілмейді. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы орындау мақсатында келесі жылдан бастап, мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеу факторлы-балдық шкала тәсілімен тағайындалады. Аталған шкалада лауазым иерархиясын ғана емес, нақты бір қызметшіге салынып отырған міндеттердің маңыздылығы, жұмыстың жауапкершілігі мен оның нақты көлемі ескерілетін болады. Сонымен қатар, мемлекеттік органның стратегиялық мақсатына қосқан үлесі де назарға алынады. Ол сегіз факторға байланысты лауазымдарды бөледі. Ол факторлар: қызметкерлерді басқару, жауапкершілік, дербестілік, жұмыс өтілі, арнайы білім деңгейі, байланыс деңгейі, жұмыс ауырлығы мен қабылдаған шешімдерінің нәтижесі», - деді ол.
Осылайша, бір категорияға жататын қызмткерлер әр түрлі жалақы алулары ықтимал.
Оның айтуынша, факторлы-балдық шкала тәсілі мемлекеттік қызметкерлерге еңбегіне сай әділ жалақы алуына мүмкіндік береді. Факторлы-балдық шкала тәсілі АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Сингапур, Малайзия, Жаңа Зеландия елдерінде енгізілген.