Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Меруерт Махмұтова: Үкіметтің Астанада жаңа қаржы орталығын құруға қаражаты жоқ

Меруерт Махмұтова: Үкіметтің Астанада жаңа қаржы орталығын құруға қаражаты жоқ

Көктемгі президенттік сайлаудан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Астанада халықаралық қаржы орталығын құру туралы мәлімдеді. Алматы арнайы статусқа ие болып, аймақтық қаржы орталығы деңгейінде қалады. Жаңа жобаның  қазіргі жағдайда қаншалықты тиімді болатындығы туралы Қоғамдық саясатты зерттеу орталығының директоры Меруерт Махмұтова өз ойымен бөліскен еді.

- Астанада қаржы орталығын құру туралы жаңа заң жобасында қандай ерекшелік бар?

- Заң жобасын оқыдым, бірақ Алматыдағы аймақтық қаржы орталығы іске асыру тиіс болған жоспарлардан айырмашылық байқамадым. Бұл заң жобасы бюджетке қанша ауыртпалық түсіретіне қатысты қаржы есебін - заң жобасына қосымша ретінде жасалатын есепті де көргім келер еді. Мұнай бағасының құлдырауына байланысты бюджет кірісінің 40 пайызға төмендеп кеткендігін ескерсек, қосымша ресурсты қайдан алатындығы белгісіз. Салықтан босатудың өзі салық көлеміне шығын ретінде бағаланады.

- Ірі қаржы институттарының бас кеңселері Алматыда орналасқанда, Астанаға қаржы орталығын құру қажет пе?

- Жалпы Астанада қаржы орталығын құрудың ешқандай мән-мағынасын түсінбеймін. Мәселе банктер мен сақтандыру компанияларының географиялық орналасуында емес. Бұл тек 2017 жылы ЭКСПО-ны өткізгеннен кейін қалатын ғимараттарды пайдалануға байланысты.

- Ал Алматыдағы аймақтық қаржы орталығын дамыту неге жүзеге аспай қалды? Қандай кедергілер болды?

- Оған бағаны Үкімет беру қажет еді. Бірақ біздің шенеуніктеріміз ондайға бас қатырмай бір жобаны тастай салып, тура сондай екіншісіне кіріседі. Сондықтан, Астанада қаржы орталығын құрудан нәтиже шығады деген үмітім жоқ. Жалпы алғанда, Алматыда аймақтық қаржы орталығын құру өте жақсы идея еді. 10 жыл бұрын экономикамыз дамып, мұнай бағасы жоғары болды, болашаққа деген болжам оптимизмге толы болған. Бірақ құнды қағаздар нарығы дамымай тұрғанда, Алматыдағы аймақтық қаржы орталығының жұмысы жемісті болуы мүмкін емес еді. Құнды қағаздар нарығы - экономика айнасы. Біздің экономикада мемлекеттік-олиграхтық капитализм құрылған. 2000 жылдары Қазақстанның ірі компаниялары Лондандағы құнды қағаздар нарығына шыққан болатын, бірақ одан кеткеннен кейін қарызды Қытайдан алатын болды. Біздің бизнес құнды қағаздар арқылы қаржы тарту жолдарын қарастырмады. Банк секторы 2007 жылға дейін халықаралық капитал нарығынан қарыз алып, экономиканы қаржыландыруға мүмкіндігі болды. 2008-2009 жылдардағы дағдарыстан кейін Үкімет негізгі қаржы көзіне айналып, компанияларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордың трансфертін пайдаланды. Біздің құнды қағаздар шығарған компаниялардың көпшілігі дағдарыста дефолт жариялады.

- Алматыдағы аймақтық қаржы орталығынан Астанада құрылуы тиіс қаржы орталықтың айырмашылығы неде?

- Шынымды айтсам, нақты бір айырмашылығы бар деп айтуға болмайды. Астанада қаржы орталығын дамыту қажет деген жоспар орындалады деу қаншалықты қисынды? Бүгінгі экономикалық жағдайда бұл мүмкін бе?Менде ондай үміт жоқ. Қаржы саласын экономикадан бөлек дамытуға болмайды. Мұндай іс-шаралардың қалай аяқталғанын көріп келеміз.

- Астанадағы қаржы орталығы оффшорлық аймақ болады деген пікірлерге қалай қарайсыз?

- Иә, арнайы салық режиміне байланысты қаржы орталығын оффшор деп бағалауға болады. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Құсайынов қаржы орталығы ресейлік компанияларға санкциядан құтылуға мүмкіндік беретін оффшор болады деп айтты. Сол себепті санкцияны назарға алмаудың құнын ескерткім келеді. Франциядағы BNP Paribas атты ірі банктың директорлар кеңесі АҚШ-тың санкциялық режимін бұзғаны үшін 8,9 млрд доллар көлемінде айыппұл төлеуге келісімін берді. BNP Paribas америкалық санкциялар салынған Иран, Судан және Куба клиенттері қатысуымен жасырын түрде 30 млрд доллар көлемінде операциялар жүргізгені үшін өзін айыпты деп мойындады.

- Жалпы қаржы орталығының Қазақстан экономикасына беретін пайдасы қандай?

- Қазір экономиканың дамуы күннен- күнге төмендеп барады. Мұнай бағасы барреліне 100 доллар болады дегенге сену - ол бос қиял. Үкіметтің Астанада жаңа қаржы орталығын құруға қаражаты жоқ. Иллюзиямен өмір сүргенді қою қажет. Маған Астанада қаржы орталығын құру Үкіметтің осыдан 3 ай бұрын қысқы Олимпиаданы өткізем деп Бейжінмен таласқанын еске түсіреді

Похожие материалы