Microsoft Corp. Windows операциялық жүйесінің (ОЖ) жаңа нұсқасында Internet Explorer (IE) браузерінен бас тартады деп жазады Financial Times газеті.
Компания осы жылы кешірек жарық көретін Windows ОЖ-нің келесі нұсқасында жаңа браузердің қолданылатынын растады.
Microsoft 2015 жылдың 10 қаңтарында 90-шы жылдары жарық көрген IE қолданушылар арасында ақыры танымал бола алмағандығын мойындап, Project Spartan атты жаңа браузерді таныстырған болатын.
"Бұл мәселе ұзақ уақыт шешімін таппай келді. Қолданушылар не Windows-те автоматты түрде орнатылғандықтан, не жұмысы талап еткендіктен Internet Explorer браузерін қолдануға мәжбүр болған-ды", - дейді Wolff Olins жарнама агенттігінің өкілі Дэн Брюстер.
Microsoft жаңа браузер қазіргі компанияның жаңа стратегиясына сай түрлі сандық құрылғылардың ортақ жұмысын жүгізуде ыңғайлы бола алады деп үміттенеді.