Кез келген адам миллионер болуды, қаржылық сауаттылықты, ақша жинақтау жолдарын білгенді қалайды. Алайда әрекеттер үнемі сәтті бола бермейді. Адамдар көп жағдайда қарапайым нәрселерге назар аудармайды. Ал әлем миллионерлері оларды міндетті түрде сақтау керектігін баса айтады. 7kun.kz миллионерлердің әрекетінен байқалатын 7 әдетті анықтады.
1.Жеке бюджетті бақылау
Иә, бұл жалықтыратын әдет болып көрінеді. Бірақ, нағыз бай адамдар өздерінің кірісімен қатар шығыстарының да нақты көлемін біледі. Қаражаты көбейген сайын есепке де мығым болады.
Бұл туралы Томас Стэнли (Thomas J.Stanley) және Уильям Данко (William d. Danko) АҚШ-тың милионерлері үшін ортақ ең типтік белгілер мен әдеттерді зерттеуге арналған The Millionaire Next Door (Миллионердің келесі есігі) кітабында жазады.
2. Өршіл мақсаттар қою
Бай адамдар өз уақытын ұйымдастыруға көп көңіл бөледі: миллионерлердің 81%-ы істерінің тізімін ретімен жүргізеді. Ал аз қамтылғандардың тек 9%-ы ғана осы әдетке ие. Демек, алға қойылған мақсат пен оған жету жолында жақсы ойластырылған қадамдар шын мәнінде нәтиже береді.
Мәселен, атақты кәсіпкер, миллионер Ричард Брэнсон алдына белгілі бір мақсат қояды, тек сол бойынша әрекет етіп, оған жеткен кезде ғана жаңа істі бастайды. Бастапқыда бұл әдісті әдетке айналдыру мүмкін емес секілді көрінеді, алайда талпынған адам мақсатқа жетеді. Жоғарыда көрсеткен мысал оның айқын дәлелі.
3. Өзіңді дамыту үшін ақшаны аямау
"Адам үнемі өзін дамыту керек" деген сөзді әрбір миллионердің кеңесінен байқаймыз. Себебі, қаншалықты көп білсең, соншалықты мүмкіндікке ие боласың. Демек, жан-жақты даму үшін қаржы салуды әдетке айналдыру керек.
Осы тұста миллионерлердің тағы бір әдетін атап өтейік. Ауқатты адамдар ақшаны ләззаттана өмір сүру құралы емес, ең алдымен, жинақ пен инвестиция деп есептейді. Сондықтан, ай сайынғы табыстың кемінде 10%-ын жинақ шотына салуды ұмытпаңыз.
Бақуатты адамдар тіпті көп қаржы бөледі: олар өз табысынан 20%-ға дейін инвестициялайды. Көптеген сарапшылар "50-30-20" ережесін ұстануды ұсынады. Бұл дегеніміз, 50% табысты ең қажетті нәрселерге жұмсайды, 30% — жаңа киім немесе саяхат сияқты заттарға және қалған 20% жинақ шотына салады.
4. Дұрыс байланыстардың мәнін түсіну
Егер бизнесте табысты болғыңыз келсе, онда сіз қазірдің өзінде кәсіпкер ретінде танылған адамдармен қарым-қатынас орнатуға уақыт жұмсауға тура келеді.
Бұл музыканттар уақытының көп бөлігін әріптестерінің арасында өткізгені секілді. Өзіңді кәсіби ортадан жаңа нәрсені білуге үйрету керек. Көпшілігі аталған тәсілді әдет қылсам, қоғамнан шетте қаламын деп ойлайды. Шындығында олай емес, сіз уақытыңыздың басым бөлігін ғана өзіңізге пайда әкелетін байланыстарды орнатуға жұмсайсыз, қалғаны басқа шаруаларды реттеуге жететіні анық.
5. Қарапайым өмір салтын ұстану
Әлемдегі миллионерлердің барлығы зәулім сарайда тұрады, өздеріне барлық нәрсені алуға мүмкіндік береді деп ойласыңыз қателесесіз. Керісінше, олардың көпшілігі қарапайым өмір сүреді. Аты аңызға айналған инвестор Уоррен Баффетт әлі де 1958 жылы 31 500 долларға сатып алған Омахтағы (Небраска штаты) үйінде тұрады.
Томас Стэнли мен Уильям Данко зерттеулеріне сәйкес, Америка байларының басым бөлігі ұсталған автокөліктерді сатып алады. Олардың ішіндегі ең танымал бренд - Toyota.
Оңды-солды шығындалу батыстың ауқаттыларына да тән емес. Еуропалық байлар, әсіресе нәтижеге еңбекқорлығы, табандылығы, жоспарлай және өзін-өзі тәрбиелеу білуі арқылы жеткендер ақшаның құдіретін біледі.
6. Өзіңе жұмыс істеу
Статистикалық деректерге сәйкес, миллионерлердің 2/3 бөлігі жеке кәсіпкерлер. Сондай-ақ, The EconomistThe Economist деректері бойынша, миллионерлердің жартысынан астамының өз бизнесі бар, тек 16%-ына ғана байлық мұраға қалған.
Сонымен қатар, миллионерлер бір жерден ғана табыс табуды жөн көрмейді, сондықтан бірнеше кіріс көзінен пайда алуды әдеттеріне қосқан.
7. Ақшаға негізгі мақсат емес, құрал ретінде қарау
Қазіргі миллионерлердің ортақ ерекшелігі - ақшаға табынудың болмауы. Олар мақсаттарына жетуге тырысады, ал ақша сол жолдағы бонус іспетті. Сондықтан, өмірдің мәнін ақшадан іздеудің қажеті жоқ, тек бөлшек ретінде қараңыз.
Ал бай адамдардың қатарына тез қосылуға көмектесетін ең нәтижелі әдет - өз ісіңді сүю. Қолға алған жұмысыңды махаббатпен жүргізсе, ерте ме, кеш пе адам міндетті түрде бай болады.
Әлишер Асқарбек