Мәнсапқа жеткізетін қасиеттер туралы сөз қозғалғанда адамның интеллект, талпыныс, өршілдік, қарым-қатынас орната білу сынды қасиеттері бірінші ретте айтылады. Алайда, кейбір артықшылықтар көзге ілінбейтін, онша байқалмайтын, кейде пайдалы да, қауіпті де болатын нашар қасиеттермен қатар жүретінін ескерген жөн.
Жиырма жыл бұрын Роберт және Джойс Хоган есімді психологтар 11 «күмәнді» қасиеттің тізімін жасады. Ал мен жұмыс істейтін Hogan Development Survey (HDS) компаниясы бағалау жүйесін құрастырып, оған лицензия алған болатын. Әсіресе, бұл ұйымдастырушылық психология саласында проблемалық қасиеттерді анықтаудың танымал әдісіне айналды.
Миллионнан аса компания қызметкерлерінің, басшылардың және лидерлердің профайлингі негізінде келесідей нәтиже көрсетілген болатын: көпшілігіміздің бойында аз дегенде жасалған тізімде көрсетілген үш күмәнді қасиет болады. Ал 40 пайыз адам әзірге жемісті әрі тиімді жұмыс істегенімен 1-2 күмәнді мінездің иесі екен. Ондай адамдар жиі өздерін дөрекі, қалыпсыз ұстайды.
Әсіресе, компания басшыларының өз кемшілігін байқамауы алаңдаушылық тудырады. Себебі, түбінде сол кемшілігі олардың мәнсабына кедергі болады, тіпті, ұжымынан да, компаниясынан да айырылу қаупі бар. Мысалы, өте сақ басшы үшін маңыздысы - қауіпсіздік. Ол тәуекелге барудан қатты қорыққан соң, компанияға керекті прогресс пен инновациядан құр қалады. Эмоцияға берілген басшы жұмысын барлық ынтасымен атқарады, бірақ оның болжап болмайтын мінезі басқалармен жұмыс істеу кезінде қиындық тудырады. Ұқыпты басшы әрбір майда-шүйдеге өте мұқият, барлығын өз деңгейінде жүзеге асыруға тырысады. Бірақ бұл қасиеті кейбіреулер үшін прокрастинация мен ығырды шығаратын перфекционизм ретінде көрінуі мүмкін.
Көптеген зерттеу нәтижелері 30 жастан кейін тұлғаның өзін-өзі өзгертуі қиын екенін көрсетеді. Бірақ адам алдына мақсат қойып, үнемі сананы тәрбиелеп отыратын болса, өзінің мінезін әрдайым бақылауда ұстап, қиын жағдайда да бойындағы нашар қасиетін көрсетуден аулақ болатынын естен шығармау керек.
Өзіңнің кемшілігіңді түсіну
Кестеден бойдағы қасиеттерді шартты түрде үш топқа бөлуге болатынын көреміз. Біріншісі, басқаларға ұнамайтын қасиеттер, мысалы, көңіл-күйдің құбылмалығы. Немесе сенімдікті қашыратын цинизм мен скепсис. Немесе пассивті агрессия, яғни, жаушылықты жасыру мінезі және шеттен тыс сыпайылық көрсету.
Екінші топтағы қасиеттер, керісінше, адамдарды қызықтырады. Ол мінез көбінесе өз-өзіне сенімді, лидерлік қасиеті бар адамдарға тиесілі. Бірақ оның да кемшілігі жоқ емес, ондай адамдар кейде өзін қатты бағалап, менмендікке салынып та кетіп жатады.
Ал үшінші топқа жататын қасиеттер басшыларға емес, қол астында істейтін қызметкерлерге тән. Ондай адамдар өзінің әрбір іске мұқияттығының арқасында бастығына жақсы жағымен көзге түседі.
Айта кету керек, барлық күмәнді мінез бірдей қауіпті емес. Түрлі салада қызмет ететін 4372 адам қатысқан зерттеу нәтижесінде бірінші топқа кіретін эмоционалдық, күмәншілдік, өзімен-өзі әрекет ету сынды қашыратын мінез-құлықтар жұмысқа, басқарушылық сапасына, басқалармен қарым-қатынасқа негативті әсер етеді. Ал екінші топқа жататын қызықтыратын қасиет кейде жақсы нәтиже беріп жатады. Себебі, театралды басқарушы әрдайым халық назарының ортасында жүреді. Басқа тыныш жүретін адамдарға қарағанда басшының көзіне жақсы түсе алады. Өз-өзіне сенімді адам кәсіпкер ретінде көптеген жетістікке жете алады.
Нашар қасиеттен келетін зардаптар әр түрлі болады: құмарлыққа, тәуекелге бейім басқарушы өзінің асығыс шешімінен компанияны құрдымға апаруы мүмкін, ал эмоционалды басшы барлығының көзінше ашуға булығып, жұмыс орнынан әп сәтте айырылып қалады.
Бұл қасиеттердің жоқтығы да кемшілік ретінде қабылданады. Тым сабырлы, байсалды, жұмсақ басшыны іш пыстырарлық, ешкімге күш-қуат бермейтін кісі деп есептейді. Яғни, мақсат бойдағы қандай да бір қасиетті жою емес, оны бақылауға алу. Ең дұрысы алтын ортаны табу.
Кемшіліктерді бақылауға алу
Егер сіздің толық психологиялық көмекті алуға мүмкіндігіңіз болмаса, HDS сұраныстың қысқаша нұсқасын www.hoganx.io сайтынан табуға болады немесе өзіңізді жай ғана кестедегі сипаттамалармен салыстырыңыз. Тағы бір жолы, басшыларыңыздан, әріптестеріңізден, қол астындағылардан немесе клиенттерден өзіңіз жайлы пікір сұрап көріңіз.
Жақындарыңыз жұмыстағыларға қарағанда сіздің кемшілік тұстарыңызды жиі бақылайды. Олардың да сөзіне құлақ салыңыз. Жұмыс адамы, әлбетте, өзін жақсы қырынан көрсетуге ұмтылады, ал үйде өзіңіздің табиғи қалпыңызда жүресіз.
Келесі қадам – қалыпсыз мінез-құлықты іс-әрекетті өзгерту арқылы бақылауға алу. Іріктеу тәсілін пайдаланыңыз: басқалардың реакциясын көріңіз, іс-әрекетіңізге есеп беріңіз, нәтижені бағалаңыз және т.б. Мақсат - мінезді өзгерту емес, оны дер кезінде тоқтата білу.
Ұмытпаңыз, репутация – тамаша мансапқа жетудің басты негізі. Себебі, сіздің өсуіңіз – басқалардың сізді қалай қабылдауына байланысты. Сіз өзіңіз туралы нашар әсер қалдырартын болсаңыз, тиімді басқарушылық пен жемісті өсуден алыстайсыз. Тіпті, тым сенімді болып кері байланысқа жауап бермеу, жағымсыз хатты көңілге алып қалу, қиялға ерік беріп бір түрлі идеялар ұсыну сынды түкке тұрмайтын іс-әрекеттер де сіздің репутацияңызға кері әсерін тигізуі мүмкін.
Өз мінезіңді, іс-әрекетіңді басқару – оңай емес. Көбісі көп күш жұмсамай өзгеруді қалайды. Егер сіз алдыға қарай жылжуға түрткі болатын қасиеттеріңізді ұғынсаңыз, барлық ескертуді назарға алып, мінезіңізді ретке келтіре бастасаңыз, репутацияңызды қалыпқа келтіресіз, онымен бірге мансабыңыз да, лидерлік қасиетіңіз де өсе бастайды.
Автор: Томас Чаморро-Премузик (Tomas Chamorro-Premuzic) — Лондондық университет колледжінде және Колумбиялық университетте бизнес психологиясының профессоры. Гарвард университетінің Entrepreneurial Finance Lab қатысушысы, Hogan Assessment Systems компаниясының гендиректор.
Дереккөз: Hipo.kz