Астана. 15 қараша. 7kun.kz – 2022 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша министрліктер мен әкімдіктер 278 миллиард теңгені игермеген. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
«278 млрд теңге игерілмеген. Ең көп игерілмеу сомасы ндустрия және инфрақұрылымдық даму, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар және Оқу-ағарту министрліктерінде», – деді министр.
Оның айтуынша, игерілмеудің негізгі себептері төлемнің негізділігін растайтын құжаттарды ұсынбау, орындалған жұмыстардың актілерін, шот- фактураларды уақтылы ұсынбау сияқты жайттар болған.
Сондай-ақ жергілікті бюджеттердің шығыстары 8,1 трлн теңге. Орындалмағаны – 520 млрд теңге.
«Биыл өңірлерге 3,3 трлн теңге нысаналы трансферт көзделген. 1 қарашадағы жағдай бойынша оларға 2,6 трлн теңге бөлінді. Оның 94,1%-і игерілген. Атқарылмағаны – 150 млрд теңге, оның ішінде 16 млрд теңге – үнемделген ақша, ал 134 млрд теңге игерілмеген», – деді Жамаубаев.
Бюджеттің дұрыс игерілмеген өңірлерінің басым бөлігі Астана қаласы, Маңғыстау облысы, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарына тиесілі.