Бүгін мессенджерлерде «Ақша аударымдары 15 сәуірден бастап бақылауда болады...» деп басталатын хабарландыру жүр. Бұған алаңдап, ақша аударымдарын қабылдамай жатқандар да бар. Бұл шын ба? 7kun.kz анықтап көрді.
Ақша аударымдары бүгіннен бастап бақылауда бола ма?
Алдымен, бұйрық туралы. Иә, 15 сәуірден бастап аударымдардың өлшемін, қандай жағдайларда оларды кәсіпкерлік қызметтен алынған кірістерге жатқызу керектігін белгілейтін бұйрық күшіне енеді. Бұл рас.
Оның негізінде салық органдары қатарынан 3 ай бойы әртүрлі адамдардан әр ай сайын 100-ден астам аударым алатын адамдар туралы ақпаратты сұрайды және тексереді. Бұл да рас.
Алайда, аталған хабарламадағы мұның бәрі бүгінен басталады деген жалған ақпарат. Бұл туралы @TengeOnline телеграм арнасы жазды.
Дәл қазіргі кезде «Банктік құпия» туралы заң жұмыс істейді. Оған сәйкес банктер мәліметтерді бере алмайды. Алайда «Жалпыға бірдей декларация» тапсыра бастаған кезде банктер салық органдарына аударымдар туралы деректерді беруі тиіс. Бұған сәйкес деректерді беру 2023 жылдан басталады және алдымен тек мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайларына, квазимемлекеттік ұйымдардың қызметкерлеріне қатысты. 2024 жылдан бастап жеке кәсіпкерлер мен компания басшылары қосылады. 2025 жылдан бастап басқа санаттағы адамдар кіреді.
Яғни, мемлекеттік қызметші болсаңыз, декларация тапсырған соң, 2023 жылдан бастап сіздің мобильді аударымдарыңыз туралы деректі салық органдары сұрата алады. 2024 жылы жеке кәсіпкерлер мен компания басшылары, 2025 жылдан бастап барлық адамдар қосылады. Бірақ, оған себеп болуы керек. Яғни, 3 ай қатарынан әр ай сайын 100-ден астам аударым алсаңыз ғана.
Ал достарыңыз бен туыстарыңыздан әдеттегідей аударым алсаңыз, сізде алаңдайтын ештеңе жоқ. Сіздің аударымдарыңыз туралы деректер салық органдарына берілмейді. Бұрынғыдай жеке мақсаттарыңыз үшін аударымдарды еркін жасай бересіз.