Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

МҚІА мемлекеттік қызметшілердің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіруге арналған қағидаттар мен ұстанымдар әзірлеуде

МҚІА мемлекеттік қызметшілердің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіруге арналған қағидаттар мен ұстанымдар әзірлеуде

Астана. 9 желтоқсан. 7kun.kz – Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев Астана қаласында өткен «Мемлекеттік қызметтегі HR: персоналды стратегиялық басқаруға көшу» адами ресурстар форумында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚР МҚІА баспасөз қызметі.

Өз сөзінде Агенттік төрағасы Мемлекет басшысының «Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл –  туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау» деген байламды пікірін әрбір мемлекеттік қызметші үнемі қаперінде ұстап жүруі қажеттілігіне назар аударды.

«Мемлекеттік міндеттерді қоғам күтетін талап-тілектерге сай жүзеге асыру үшін қажетті негізгі құндылықтар мен басымдылық берілетін қағидаттарды қайта қарау – өзекті.  Мемлекеттік қызметтегі адам ресурсын ілгерілету мемлекеттік қызметшілердің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдірумен де тығыз байланысты», – деді Дархан Жазықбаев.

Осы бағытта, Агенттік мемлекеттік қызметшілерге әдістемелік құрал ретінде әрі күнделікті жұмыс столында жатуы, тіптен әрбір мемлекеттік қызметшінің қалта кітапшасына айналуы тиіс «Адамға бағдарланған» мемлекеттік басқару моделіндегі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық болмысы жайлы, сананы жаңғыртуға бағытталған құжат ұсыну жоспарлауда. Бұл ретте, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіруге қатысты қағидаттар мен ұстанымдар жүйеленуде.

Дархан Жазықбаевтың айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби-тұлғалық акмесі ретінде  Қоғамға үлгі болу,  Ұлттық мүддені ойлап мемлекетшіл болу,  Әділдіктің – баршаға ортақ игілік болуы, Ашықтық: пікір алуандылығын қолдау – шешім қабылдаудағы ауызбіршілік, Антқа адалдық: пайдадан ар қымбат сынды негізгі қағидаттар белгіленуі жоспарлануда.

«Бұл құжатты біз алдағы уақытта қоғаммен талқылауға салатын боламыз. Мемлекеттік басқаруды жетілдіру жүйелі түрде өзгеруді, қайта құруды қажет етеді. Адамдардың ой-санасын жаңғырту адам ресурстарының сапасына әсер етеді. Ұсынылатын құжат мемлекеттік қызметшілердің саналы, рухани-адамгершілік тұрғыдан өзгеруіне түрткі болуға бағытталған  және олардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі қызметін сапалы түрде кәсібилендіруге арналған. Мемлекеттік қызметшілердің жоғары құндылықтарды ұстануы жазадан, сыннан немесе бақылаудан қорыққандығынан емес, өзінің ішкі ерік-жігерімен, ниет қалауымен орындалуы қажет. Ең бастысы – ел алдындағы жауапкершілікті сезіну», – деді МҚІА басшысы.

Похожие материалы