Мұхтар Шахановты Қарттар үйіне өткізіп жіберген бе? – Құдияр Біләл түсініктеме берді
Алматы. 14 қараша. 7kun.kz – Әлеуметтік желілерде белгілі ақын, «Жалын» журналының бас редакторы Мұхтар Шахановты қарттар үйіне өткізіп жіберді деген деген қауесет тарады. Осы ақпаратқа қатысты «Жалын» журнал бас редакторының орынбасары Құдияр Біләл түсініктеме берді, деп хабарлайды 7kun.kz.
«Әлеуметтік желі бетінде «Мұхтар Шахановты Қарттар үйіне өткізіп жіберіпті» дейтін шындыққа үйлеспейтін жаңсақ ақпарат тарап жүр. Соған орай, маған да хабарласып жатқандар баршылық. Басын ашып айтайық. Мұның бәрі бос сөз», – деді ол.
Оның сөзінше, бұл қауесет ақын тамақтанып отырған асханада жетімдер үйінде тәрбиеленіп, өз еңбектерімен жетістікке жеткен екі жігітпен кездескеннен кейін тараған. Бүгін Мұхтар Шаханов өз оқырмандарымен кездесу өткізген. Құдияр Біләл жұртты жалған ақпаратқа бой алдырмауға шақырды.