Қазақстанның мұнай компаниялары бюджеттерін қысқарып жатыр. Бұл туралы энергетика министрі Владимир Школьник елбасымен кездесу барысында мәлімдеді.
Кездесу барысында В.Школьник мемлекет басшысына мұнай-газ секторындағы және электр энергетикасы, қоршаған ортаны қорғау, атом салаларындағы ахуал мен министрліктің басқа да бағыттағы жұмыстары туралы баяндады. Сондай-ақ көмірсутек шикізаты бағасының төмендігіне байланысты туындаған дағдарысты еңсеру жөнінде министрлік пен Үкімет қабылдап жатқан шаралар да қарастырылды. "Мұнай бағасының төмендігі барлық компанияларды өз бюджетін қысқарту мақсатымен қайта қарауға, өнімнің өзіндік құнын азайтумен айналысуға мәжбүрледі. Әлемнің барлық еліндегі сияқты үнемдеу режімі енгізілді, бірақ елдің мұнай-газ секторындағы жұмысшыларды босатуға жол берілген жоқ", – деді В.Школьник.Сонымен қатар, энергетика министрі мұнай өндірісін 77 млн тоннаға дейін төмендету жөнінде биылғы жылға қарастырылып отырған көлемді кейін Қашаған кенішін іске қосу есебінен толтыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Фото: egemen.kz