Экономика
Экономика1
"Доха келісімі" жүзеге асса Ресейдің ұпайы түгел болайын деп тұр
Бүгін РФ, Венесуэла, Катар мен Сауд Арабиясы мұнай өндірісін уақытша азайтып, қаңтар айындағы көлемде ғана өндіруге келісті. Алайда бұл келісім басқа өндірушілер қосылса ғана жүзеге асады. Бұл туралы кездесуден кейін Ресейдің мұнай министрі Александр Новак айтты.
Сарапшылар келісімді мұнай бағасын тұрақтандыру үшін жасалған әрекет деп бағалауда. Бас қосу мен шешімге Ресей бастамашы болған. Олардың пікірінше егер мұнай өндірушілер қаңтар айындағы көлемде ғана өндіруге келіссе, әлемдік мұнай нарығындағы көлем азайып, сұраныс артады, баға көтеріледі. Бұл жерде Ресейдің «екі жеп биге шығайын» деп отырғаны түсінікті. Бірінші мұнай бағасының көтерілгені әбден керек. Мұнай бағасына қарап, қалтыраған рубльдің құлдырауы 2016 жыл бойы жалғасты. Экономикада қиыншылық көп. Мұнай нарығындағы тұрақтылық экономикаға айтарлықтай көмек. Екінші басқа елдермен мұнай өндірісін сақтап қалуға келіскенімен, Ресейдің өзі өндіріс көлемін азайтпайды, керісінше көбейте түседі.
Өйткені қаңтар айында Ресей мұнай өндірісін айтарлықтай арттырған. Мысалы: қаңтарда өндірілген 46,006 млн тонна мұнай және газ конденсаты 2015 жылдың кез-келген айының көрсеткішінен айтарлықтай көп. 2015 жылдың ең жоғарғы көрсеткіші желтоқсан айында 45,69 млн тонна өндірілген. Егер келісімде көрсетілгендей қаңтар айындағы көрсеткіш қалатын болса, Ресей 2016 жылы рекордтық көлемде - 552 млн тонна мұнай өндіреді. 2015 жылдың қазан айындағы есеп бойынша Ресей баға барреліне 50 доллар болса 533 млн тонна, 40 доллар болса 526 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлаған болатын. Новак бұған дейін ресейлік мұнай компаниялары мұнай өндірісі көлемін азайтпайды деп мәлімдеген еді. Бұл расқа айналып отыр.
Келісімге қосылған басқа елдерге қарасақ қаңтардағы көрсеткіш айтарлықтай емес. Сұраныс аз, баға төмен. Бүгінгі келісім Ресей үшін айтарлықтай тиімді болып тұр. Әзірге. Басқа өндіруші мемлекеттер бұл келісімге қосыла ма, белгісіз. Әзірге келісім мұнай бағасына айтарлықтай ғана әсер етті. Жоғарыдағы мемлекеттер Дохада кездесу өткізіп жатқан тұста мұнай бағасы барреліне 6 пайызға өсім көрсетті. Бірақ, артында қайта құлдырады.