Экономика
Н.Назарбаев бюджет тапшылығын азайтуды тапсырды
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылға қарай республикалық бюджеттің тапшылығын 1 пайызға дейін түсіруді тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
"Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылға қарай республикалық бюджеттің тапшылығын 1 пайызға дейін түсіруді тапсырды. Оның атап өтуінше, тапшылықтың орнын қаржылай толтыру тек ішкі резервтер есебінен жүргізілуі қажет", - деп жазылған экономикалық саясатқа қатысты өткізілген отырыстан кейін таратылған хабараламада.
Президент негізгі бағыт ретінде экономиканың бәсекелестік артықшылықтары бар салаларына қолдау көрсетуді атап өтті.
"Алға қойған тапсырманы орындау үшін бізге экономикалық сипаты жағынан ұқсас елдердің тәжірибелерін ескеру қажет. Бұған соңғы 30 жылда алға жылжыған Канада мен Аустралияны жатқызуға болады. Қазақстанның алғашқы онжылдықта тауар жеткізудің жаһандық тізбегіне енуде жақсы мүмкіндігі бар", - деді президент.
Н.Назарбаевтың сөзінше, индустриалды-инновациялық саясат қызмет көрсету секторындағы даму жолын іздеуші жаңа жағдайларға бейімделуі қажет. Айта кетейік, 2015 жылы республикалық бюджеттің тапшылығы 1,2 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 3 пайызын құрады.