Экономика
Н.Назарбаев Жер кодексіндегі өзгерістерге қатысты пікірін білдірді
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексіндегі өзгерістерге қатысты өз пікірін білдірді. Жаңа заң осы жылдың 1 шілдесінен бастап азаматтарға ауыл шаруашылығына арналған жерлерді аукционнан сатып алуға мүмкіндік береді.
Шетелдік азаматтардың жерге ие болу мүмкіндігіне байланысты аталған өзгерістер қоғамда дүрбелең туғызған еді. Жаңа Бас прокурорды таныстырған жиында Н.Назарбаев қазақстандықтарға елде қабылданатын заң нормаларының дұрыс түсіндірілмейтіндігін атап өтті.
"Ол жерде біз жерді шетелдіктерге сатамыз деп ештеңе айтылмаған. Ондай жоқ. Біздің мақсатымыз жер құмға айналып кетпеу үшін оны жекеменшік иелікке беріп, пайдалану еді. Бос жатпастан адамдардың игілігі үшін жұмыс істеуі қажет. Барлығын латифундистер басып алды, біреуі пайдаланады, біреуі пайдаланбайды. Барлығына бақыт әкелуі тиіс жер түсініксіз мақсатта қолданылып жатыр. Міне, осының барлығы бұрмаланып жеткізілген. Құқықтар мен міндеттер дұрыс түсіндірілмейді", -деп атап өтті Мемлекет басшысы. Оның атап өтуінше, елде қабылданатын барлық актілер прокуратураның бақылауында болады.
Айта кетейік, осыған дейін ұлттық экономика министрлігі жерді аукцион арқылы тек Қазақстан азаматтары сатып ала алады, ал шетелдіктерге ол 25 жылға жалға беріледі деп хабарлаған еді.