"Қазақстандағы қаржылық қызметтерді қолданушылардың құқығын қорғау" атты конференцияда Бауыржан Мұхамеджанов "Нұрбанкке" хакерлер шабуыл жасағанын айтты. Дәл осы кибершабуылдың себебінен банк клиенттері карталарын пайдалана алмаған.
Оның айтуынша, кибершабуылдан соң тергеу жүргізіліп жатыр. Бірақ хакерлердің артында кім тұрғаны әлі де белгісіз.
"Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мен Ұлттық банкте осы жөнінде бірнеше рет кездестік. Мұндай шабуылдарға бірігіп қарсы тұруға арнайы жоспарымыз бар. Бұл жерде реттеушіден бастап, банктер мен мемлекеттік құрылымдардың және тергеу органдарының арасындағы ымыраластық өте маңызды" - деді басқарушы директор.
12 наурыздан бастап Нұрбанктің карталарын тұтынушы клиенттер қаражаттарын ала алмаған. Бұған қатысты банктің баспасөз қызметі кибершабуылдарға қарсы дайындық жұмыстары жүріп жатыр деген еді. Бірақ кибершабуыл жасалғаны туралы айтылмаған.
Наурыздың басында Kaspi bank, Halyk Bank, Қазкоммерцбанк, Сбербанк пен Астана Банкі клиенттеріне кибералаяқтардың шабуыл жасау мүмкін екендігі туралы ескерту жасады.