Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Нан бағасы неге қымбаттайды?

Нан бағасы неге қымбаттайды?

Теңге бағамынан кейін еркін айналымға кету эстафетасы нан бағасына берілді. Ауыл шаруашылық министрлігі 2016 жылдан бастап нан бағасын субсидиялауды кері шегеру туралы шешім қабылдады. Яғни баға нарық арқылы қалыптасады. Мамандардың сөзінше, нақты қанша қымбаттайтындығын айту қиын. Бірақ өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігіне байланысты аймақтарда әртүрлі болады. 

6 жыл көлемінде ҚР Үкіметі нан өндірушілерге қолдау көрсетіп келді. Оларға бидай нарықтық бағадан арзан сатылып отырды. Министрліктің мәліметінше, осы субсидиялар үшін жыл сайын 7-8 млрд теңге, кей жылдары 12-15 млрд теңге қаражат жұмсалған. Ведомства кемшіліктері көп деп тапқан бұл шара 2016 жылдан бастап кері шегеріледі.

"Соңғы 5-6 жыл ішінде Үкімет ақшаны бірінші сұрыпты нан мен бөлке нан бағасын төмендетуге 6-8 млрд теңге шамасында жұмсады. Бұл ақша көлемі кейбір жылдары 12-15 млрд теңгеге дейін барды. Бір жарым жыл бұрын субсидия нормативтері қысқартылып, нан бағасы нарық бағасына жақындауы керек деп шешілген. Бәсекелестікті дамыту үшін нарықтық баға болуы керек",- деді ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков.

Оның сөзінше, барлығы үшін бірдей бағаны ұстап отыру мемлекет үшін қымбатқа түседі. "Біз нан бағасын барлық топтар үшін бірдей арзандатамыз. Бұл мемлекетке өте қымбатқа түсетін еді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ақпараты бойынша, егер нан бағасын белгілі бір топ үшін ғана арзандататын болсақ, бар болғаны 1,5 млрд теңге керек екен. Неліктен дәулетті адамдар нан үшін аз ақша төлеу керек, бұл әлеуметтік әділетсіздік",- дейді ол.

Аграрлық ведомтсва басшысының айтуынша,  нан бағасын реттеуге қатысты жүйе өте күрделі және жемқорлыққа қатысы бар. Нан тек жергілікті бюджет деңгейінде ғана арзандайды. Мемлекет қажетті қаржы бөліп, арзан бағамен берілетін ұнның түбінде өз орнына қаншалықты тура баратындығы да белгісіз. Сондай-ақ бәсекелестіктің болмауы, жаңа инновациялардың келмеуі әсерінен де бұл сала тоқырауға ұшырап отыр.

"Нанның арзандауы және үнемі мемлекеттің араласып отыруы нәтижесінде барлық қалаларда тек ескі, кеңестік нан комбинаттары жұмыс істеп тұр. Жаңа инвестиция мен технология жоқ. Біздің әлемдегі ең үздік бидайымыз ешбір технология енгзілімегендіктен дәмсіз нанға айналады. Бәсекелестік жоқ, жаңа инвестициялар бармайды. Кез-келген инвестор мемлекеттің бағаны барынша ұстап тұруға тырысатындығын біледі", -деп атап өтті ол.

Министрдің ақпараты бойынша, нан бағасы тек бидайға ғана тәуелді емес, электр энергиясы мен транспорт шығындарына да байланысты. Ауыл шаруашылық ведомствасының жауапты хатшысы Арман Евниев те нан бағасының қалыптасуында ұнның ролі аз екендігін атаған еді. "Нанның өзіндік құны қалыптасуында бидай мен ұнның құны тек 30 пайыз әсер етеді. Өзгелері - жанар-жағармай, электроэнергия, транспорттық шығындар және т.б. Осы уақытқа дейін біз осының барлығын фермерлер немесе 2009 жылдан бастап берілген субсидиялар есебінен есептеп келдік", - деген еді ол.

Асылжан Мамытбековтың айтуынша, біз бұл сұрақты саясатқа айналдырмауымыз қажет. "Бұл тек экономикалық сипаттағы мәселе. Иә, халықтың көмекке мұқтаж тобына жәрдем беру қажет. Біздің ұстанымымыз осындай", - деді ауыл шаруашылық министрлігінің басшысы.

Көмек беріледі

Бірақ үкімет жеңілдікті толығымен кері шегерген жоқ. Нан бағасының көтерілуіне байланысты өмір сүру деңгейі төмендейтіндерге әлеуметтек көмек беріледі. Яғни төменгі күнкөріс деңгейі көтеріледі деп хабарлады денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен. Ал ауыл шаруашылық министрлігі әлеуметтік нанды зейнеткерлер мен халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына сату тәртібін өзгертуді және нанды карта арқылы беруді ұсынып отыр.

Қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызы есебінде беріледі. 3 қарашада республика бойынша күнкөріс деңгейі 21 226 теңгеге дейін көтерілген. Ал 2015 жылдың 1 қарашасында табыстары кедейілік шегінен төмен азаматтар 34,7 мың теңге алады. Бір адамға шаққандағы АӘК 2 407 теңгені құрады.

Әзірге Алматы дүкендердегі нан бағалары қалыпты. "Рамстор" сауда үйінде бөлке нан 65 теңге, "Ақсай бөлке наны" 77 теңгеден сатылуда. Қаладағы азық-түлік дүкендеріндегі бөлке нан 65 теңгеден, қара батон наны 95 теңгеден, ақ батон наны 75 теңгеден беріледі. Тандыр нан бағасы 70- 100 теңге аралығында. "Ақсай нан" зауытында  әлеуметтік нан 2 теңгеге қымбаттап, 62 теңге болды. Ең қымбат нан жаңғақ қосылған қарабидай наны. Оның бағасы - 235 теңге.

Фото time.kz сайтынан алынды 

Похожие материалы