Қазақстанда азық-түлікке талондар енгізілмек. Олар әлеуметтік көмек карталары деп аталуы мүмкін. Бұл туралы caravan.kz хабарлайды.
Ал ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков жыл сайын нан бағасын түсіру үшін көп қаржы жұмсалатынын айтты. “Жыл сайын соңғы 5-6 жылда үкімет 1 сұрыпты нанның бағасын түсіру үшін шамамен 7-8 млрд теңге жұмсап келді. Кей жылдары 12-15 млрд теңге жұмсалды. Көмеқаржы көлемі қысқартылып, нан бағасы нарықтың бағасына жақындауы керек деген шешім қабылданды”, – дейді Асылжан Мамытбеков.
Бүгінде бұл қаражат ел бюджетінде қарастырылмаған. Бұған қоса депуататтар көмекқаржы есебінен бөлінген арзан ұнның жартысы қылмыстық жолмен Ресей мен Өзбекстанға кетіп жатқанын айтып дабыл қаққан.
Ал Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі болса, нан бағасы көтерілген жағдайда ең төменгі күнкөріс деңгейі де өзгеріп, әлеуметтік көмек алатындардың саны артатынын ескертті. Елімізде көмекке мұқтаждар саны бірден 2,5-3 миллион адамға көбейеді деп күтілуде.
Шенділер АҚШ пен Еуропа тәжірибесін қайталауға ұсыныс жасауда. Бұл елдерде әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар әр тұрғынның банкте жеке картасы бар. Оған үкімет ай сайын қажет тауарларын сатып алуы үшін қаражат салып отырады. Карта иегері ішімдік пен темекіден өзге кез-келген азық-түлікке төлем жасап, тіпті медициналық қызметті де карта қаражатынан ала алады.
“Бізге де осындай үлгіде әлеуметтік көмекті дамыту керек. Дағдарыстан туындайтын салдарларға алдын ала дайын болу керек. Жағдайы жоқтарға жәрдемақы беріп, наннан бөлек өзге де азық-түлік ала алатындай жағдай жасауымыз тиіс. Коммуналдық қызмет міндетті түрде қымбаттайды. Яғни әлеуметтік көмек пакетіне бұл қызмет түрін де төлеу мүмкіндігін қосқан абзал”, – дейді мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров.
Фото: altaynews.kz