Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Наурызда жылдық инфляция 4,8%-ға дейін төмендеді

Наурызда жылдық инфляция  4,8%-ға дейін төмендеді

Алматы. 4 сәуір. 7kun.kz - 2019 жылдың наурызында жылдық инфляция өткен жылдың  соңындағы 5,3%-бен салыстырғанда 4,8%-ға дейін төмендеді, деп мәлімдеді ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев ҚР Парламенті Сенатының отырысында.

Ұлттық Банктің басшысы қаржы реттеушісінің инфляция бойынша нысаналы бағдарларға қол жеткізуге және экономика өсуінің қарқындарын ұстап тұруға бағытталған саясатты жалғастыратынын атап өтті.

«Қазақстан Ұлттық Банкі инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізуін жалғастырады. Ұлттық Банктің 2019 жылға арналған негізгі мақсаты - инфляцияны 4-6% дәлізде ұстап тұру. Жылдық инфляция 2019 жылдың наурызында өткен жылдың соңындағы 5,3%-бен салыстырғанда 4,8%-ға дейін төмендеді», - деді Е. Досаев.

Сонымен қатар, Ұлттық Банктің басшысы әлеуметтік қолдауға арналған қосымша қаражаттың бөлінуіне байланысты шығыстарды ұлғайту инфляциялық процестерді жеделдетуге айтарлықтай әсер етпейтіндігін хабарлады.

«Біздің бағалауымызға сәйкес, инфляция ағымдағы жылдың қорытындылары бойынша нысаналы дәліз шегінде сақталады», - дейді Төраға.

Бас банкирдің айтуынша, базалық мөлшерлеме ақша-несие саясатының негізгі құралы болып қалады. Ұлттық Банк мөлшерлеменің деңгейін елдегі нақты және күтілетін инфляцияның мөлшерлеріне, төлем балансының жай-күйін анықтайтын сыртқы факторларға, сондай-ақ экономикалық дамуды қолдау қажеттілігіне қарай белгілейді.

Сондай-ақ, Е. Досаев 4 наурызда Қазақстан Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені 9,25% деңгейінде сақталғанын атап өтті.

«Біз инфляциялық көрсеткіштерге қол жеткізу мен экономиканың өсу қарқынын сақтап қалу теңгеріміне бағытталған базалық мөлшерлеме бойынша саясатты жалғастыруға ниеттенеміз», - деп түсіндірді Ұлттық Банктің Төрағасы.

Оның хабарлауынша, валюта нарығында жағдай тұрақты болып қалды. 2019 жылдың басынан бері теңгенің айырбастау бағамы 1,2%-ға нығайды.

«Айырбастау бағамы еліміздегі төлем балансы жағдайына, яғни шетел валютасының еліміздің нарығына түсімі мен кетуінің теңгеріміне байланысты. Бұл сыртқы күйзелістерді барынша азайтуға және экономикамыздың бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерін сақтауға мүмкіндік береді», - деді Ерболат Досаев.

Похожие материалы