Алматы. 21 сәуір. 7kun.kz – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевке қала орталығында орналасқан ескі үйлер туралы ескерту жасады. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев EXPO-2017 көрмесіне дайындық мәселелесі туралы жиналыста айтты.
Президент әкімге «Астана опера» ғимаратының, «Астана арена» стадионының және Кенесары мен Иманов көшелерінің қасында тұрған ескі үйлердің фотоларын көрсетті.
«Қараңдар! Біздің қала орталығының келбеті қандай. Қара. Мына жағында біздің танымал опера театрын көріп тұрсың ба? Ал енді мына жағы қандай күйде екенін қара! Біз не айтып тұрмыз? Бұл жерге туристтер келеді, суретке түсіріп оны бүкіл елге көрсетеді. Істеген жұмыстарыңның сырты бүтін, іші түтін!», - деді мемлекет басшысы.
«Өнімді жұмыс істейік. Қажет болса, арнайы қаржы бөліп, дәл қазір ретке келтірейік. Қаланың орталық аудандарын мұндай тозығы жеткен үйлерден босату керек. Егер бұл үшін Парламентте арнайы заң шығару керек болса, оны да істейік. Себебі, бұл мемлекет астанасы. Бірақ ешкім жұпыны үйлерден пайда табуды көздемеуі керек. Инфрақұрылымы бар жерлерді ұтымды пайдалану керек», - деп атап өтті Назарбаев.
Айта кетейік, қазір «Астана ЭКСПО-2017» ҰК офисінде халықаралық көрмеге дайындық мәселелерін талқылау жиыны өтіп жатыр.