Астана. 11 сәуір. 7kun.kz - Президент қаржы секторындағы тұрақтылыққа қауіп төндіріп отырған, үнемі кездесетін қатерлерге назар аударып, ұлттық экономиканы дамытудың қазіргі қарқыны жеткізіліксіз екенін айтты. Бұл туралы akorda.kz хабарлады.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында Ұлттық банк пен еліміздің қаржы жүйесі тұрақты жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Д.Ақышевтің мәліметіне сәйкес, 2016 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 13,6%-дан 8,5%-ға төмендеген. Биылғы наурызда бұл көрсеткіш 7,7% болды.
2017 жылдың соңында инфляция деңгейі 7%-ға жетіп, 2018 жылы одан әрі төмендейді деп жоспарлануда. Инфляция қарқыны бәсеңдеп келеді. Айырбас бағамының аздаған ауытқулары орын алып отыр. Бұл ретте ол толығымен негізгі факторларға тәуелді. Ұлттық банк тарапынан былтырғы қыркүйектен бастап интервенция жүргізілмегенін атап өткен жөн, – деді ұлттық банк төрағасы.
Еліміздің банк секторын сауықтыру жөнінде шаралар қабылдауды тездету керек. Қажет болған жағдайда, акционерлер өз банктерін нақты ақша арқылы қайта капиталдандыруға тиіс. Сондай-ақ, олар әлсіз банктерді біріктіруге бейімделуі тиіс, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы ипотекалық қарыз проблемаларын қайта қаржыландыру бағдарламасының іске асырылу мәселелеріне ерекше тоқталып, азаматтардың қаржылық жауапкершілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Үкімет пен Ұлттық банкке бұған дейін жүктелген міндеттерді шешу жөнінде келісілген іс-қимылдар әзірлеу тапсырылады.
«Отандық және халықаралық деңгейдегі былтырғы тәжірибені ескеріп, айырбас бағамы өзгеруінің түрлі жағдайындағы іс-қимылдың нақты алгоритмі пысықталсын. Экономиканы ұзақ мерзімге несиелеу көлемін арттыру мақсатымен шұғыл депозиттерді көбейту шаралары әзірленсін. Қор нарығын дамыту жөніндегі жұмыстарды жандандырып, валюталық және ипотекалық қарыз алушылардың проблемаларын шешу жөнінде ұсыныстар енгізілсін», – деді Қазақстан Президенті.