Алматы. 19 мамыр. 7kun.kz – Зорлық-зомбылыққа душар болған әйелдер мен балалардың құқығын қорғайтын #НеМолчиKZ ұйымының жетекшісі Дина Смаилова өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазды, деп хабарлайды 7kun.kz.
Әлеуметтік желіде Дина Таңсәрі есімімен белгілі белсенді Қызылорда облысында мектеп оқушысын зорлаған оқиға туралы пост жазған. Дәл сол постқа қатысты Дина Смилованы жауапқа тарту туралы белсендінің өзіне полициядан хабарласқан. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазып, көмек сұрады.
«Адамның жеке өміріне қатысты рұқсат етілмеген ақпарат тарату, ақпараттарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарату деген айыптармен іс қозғалған. Бұл айыптар бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Әзірге не істейтінімді шешкен жоқпын. Есеңгіреп қалдып, бірақ мұны да еңсереміз», деп жазды ұйым жетекшісі.
Отандық БАҚ өкілдеріне Грузияда екенін айтқан Дина Смаилова көпшіліктен қолдау сұраған. Президентке, халықаралық құқық қорғау ұйымдарына хат жазып, өзінің қорын қорғауды өтінді.
Ал белсендінің бүгінгі жазбасында қордың алты жылдық жұмысы барысында өзіне қарсы 6 қылмыстық іс қозғалғанын, 5 рет сотқа тартылғанын мәлімдеді. Одан бөлек қор мүшелеріне үнемі қысым жасалған. Дина Таңсәрі Қазақстандағы түрлі гранттар мен қаржылай қолдау көретін мемлекеттік емес ұйымдарды сынады. Олар заңсыздықтарды жария етпейді, кемшіліктерді айтып жүйеге қарсы шықпайды деді.
«Оларға гранттар береді, оларға қарсы қылмыстық істер қозғалмайды, олар түрлі кеңестер мен комитеттердің мүшелері. Бірақ басты мәселе туралы ауыз ашпайды. Қоғам белсенділері қамалып отыр, елден кетіп жатыр. Ал халық үнсіз отыр» деп жазды Дина Смаилова.
Ал Қызылорда облысы Түгіскен ауылындағы белсендінің постынан кейін күдікті бірден қамалып, оған қатысты іс қозғалған. Дина Смаилованың Грузиядан Қазақстанға қашан келетіні белгісіз.